01.06.2025

Астаналық оқушылар Президент Архивінде Балаларды қорғау күнін атап өтті

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві елордалық оқушыларға арнап ерекше іс-шара ұйымдастырды. Балалар архивші мамандығымен танысып, ескі құжаттарды қалай қалпына келтіретінін көрді.
  
Іс-шараны Архив директоры Әлия Мұстафина ашып, балаларды ерекше мерекемен құттықтады. Ол бақытты балалық шақ ел болашағының берік іргетасы екенін атап өтті. Мерекеге келген кейіпкерлер құжат сақтаушы және уақыт саяхатшысы балаларды ертегі әлеміне жетеледі. Балалар олармен бірге тарихқа саяхат жасады.

Оқушылар кітапхана мен көрме залдарын аралап, Ұлы Жеңіске арналған «Ерлікке тағзым» көрмесімен танысты. Сонымен қатар зертханаға барып, құжаттармен мұқият жұмыс істеуді, жыртылған парақтарды қалпына келтіруді үйренді.

Шара барысында балалар үшін арнайы квест-ойындар ұйымдастырылды. Олар «жоғалған құжаттарды» іздеп, сұрақтарға жауап беріп, түрлі тапсырма орындады.

— Біз Президент Архивіне барып, архившілердің жұмысымен таныстық. Маған бүгінгі мереке қатты ұнады. Біз зертханада тарихи құжаттарды өз қолымызбен дұрыстап, қалпына келтіруге тырыстық. Бұл өте қызықты болды, – деді 6-сынып оқушысы Кемел Қанатұлы.

Іс-шараның соңында балалар өз армандарын қағазға жазып, «Уақыт капсуласы» қорапшасына салды. Енді ол 2030 жылға дейін сақтауда болады. Барлық қатысушыларға естелік ретінде «Атамұра» баспасынан арнайы кітаптар сыйға тартылды.

Айта кетейік, мұндай кездесулер Архивте жиі өткізіліп тұрады. Оқушылардың Қазақстан тарихына деген қызығушылығын арттыру мақсатында экскурсиялар, танымдық сабақтар мен ашық есік күндері тұрақты ұйымдастырылады. Архивтің жаңа ғимаратына елордалық оқушылар осымен екінші мәрте келді.