Астанада құжаттық мұраның цифрлық дәуірдегі жаңа рөлі талқыланды

«Digital Archive. Парадигманың өзгеруі» атты пленарлық сессиясы – Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырған «Digital Archive EXPO» III Қазақстан архившілері конгресінің алғашқы пікірталас алаңы. Әлемнің жеті елінен келген сарапшылар жасанды интеллекттің архив саласына ықпалы мен архивтің цифрлық экономика үшін верификацияланған деректердің негізгі көздерінің біріне айналу себептерін талқылады.

Пікірталасқа Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина модераторлық етті. Талқылауға Қазақстан, Жапония, Корея Республикасы, Польша, Ұлыбритания, АҚШ және Иордания елдерінің архив саласындағы жетекші сарапшылары қатысты.

Қатысушылардың (директордың?) айтуынша, әлемдік архив қауымдастығы түбегейлі трансформация кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта архивтер тарихи құжаттарды сақтайтын орын ғана емес, жасанды интеллект технологияларын дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және цифрлық экономиканы өркендетуге қажет верификацияланған деректерді ұсынатын маңызды институттарға айналып келеді.

Пікірталас барысында Конгресс қонақтары архив саласында туындап отырған өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, бүгінде архивтік порталдардағы интернет-трафиктің басым бөлігі адамдар емес, жасанды интеллект компанияларының боттары арқылы қалыптасып отырған жағдайда архив индустриясы тап болып отырған жаңа сын-қатерлер талқыланды. Сонымен қатар, цифрлық архивтеудің экономикалық қырлары, жаһандық жасанды интеллект модельдеріндегі тілдік және мәдени теңгерімсіздік тәуекелдері, архивтердің білім беру алаңы ретіндегі рөлі, сондай-ақ мемлекеттік құжаттармен және ауызша тарих жобаларымен жұмыс істеу барысында жасанды интеллектті қолдану ерекшеліктері назарға алынды.

Жапония Ұлттық архивінің аға вице-президенті Ичиро Фуруя өз баяндамасында цифрлық архивтерді білім беру жобаларында пайдалану тәжірибесін таныстырып, архив мұрасының ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Цифрлық архивтер арқылы құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, мекемелер мен түрлі қызмет салалары арасындағы байланысты нығайту және архив материалдарын білім беру үдерісінде пайдалану арқылы архивтер қоғам үшін анағұрлым ашық әрі қолжетімді бола түседі», – деді Ичиро Фуруя.

Цифрлық дәуірдің сын-қатерлері туралы Польша Ұлттық цифрлық архивінің директоры Петр Завильский баяндады. Оның айтуынша, Польшада жиырма жыл бойы жүргізілген ауқымды жұмыс пен ірі инвестицияларға қарамастан, қазіргі уақытта архив қорының шамамен тек 2 пайызы цифрландырылған.