09.06.2026

Астанада құжаттық мұраның цифрлық дәуірдегі жаңа рөлі талқыланды

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырған «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресінің алғашқы пікірталас алаңы – «Digital Archive. Парадигманың өзгеруі» атты пленарлық сессиясы.  Әлемнің жеті елінен келген сарапшылар жасанды интеллекттің архив саласына ықпалы мен архивтің цифрлық экономика үшін верификацияланған деректердің негізгі көздерінің біріне айналу себептерін талқылады.

Пікірталасқа Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина модераторлық етті. Талқылауға Қазақстан, Жапония, Корея Республикасы, Польша, АҚШ және Ұлыбритания елдерінің архив саласындағы жетекші сарапшылары қатысты.

Әлия Мұстафина әлемдік архив қауымдастығы түбегейлі трансформация кезеңін бастан өткеріп жатқанын, ал жасанды интеллект технологияларын енгізу архив саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Цифрландыру, жасанды интеллект, инфрақұрылым мен заңнамаға, кадрларға және кәсіби этикаға қойылатын жаңа талаптар – мұның бәрі біздің даму нүктелеріміз. Күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана біз жаһандық сын-қатерлерге, ұлттық мүддеге жауап беретін жаңа тәжірибелерді қалыптастыра аламыз», – деді Алия Мұстафина.

Пікірталас барысында Конгресс қонақтары архив саласында туындап отырған өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, бүгінде архивтік порталдардағы интернет-трафиктің басым бөлігі адамдар емес, жасанды интеллект компанияларының боттары арқылы қалыптасып отырған жағдайда архив индустриясы тап болып отырған жаңа сын-қатерлер талқыланды. Сонымен қатар, цифрлық архивтеудің экономикалық қырлары, жаһандық жасанды интеллект модельдеріндегі тілдік және мәдени теңгерімсіздік тәуекелдері, архивтердің білім беру алаңы ретіндегі рөлі, сондай-ақ мемлекеттік құжаттармен және ауызша тарих жобаларымен жұмыс істеу барысында жасанды интеллектті қолдану ерекшеліктері назарға алынды.

Жапония Ұлттық архивінің аға вице-президенті Ичиро Фуруя өз баяндамасында цифрлық архивтерді білім беру жобаларында пайдалану тәжірибесін таныстырып, архив мұрасының ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Цифрлық архивтер арқылы құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, мекемелер мен түрлі қызмет салалары арасындағы байланысты нығайту және архив материалдарын білім беру үдерісінде пайдалану арқылы архивтер қоғам үшін анағұрлым ашық әрі қолжетімді бола түседі», – деді Ичиро Фуруя.

Цифрлық дәуірдің сын-қатерлері туралы Польша Ұлттық цифрлық архивінің директоры Петр Завильский баяндады. Оның айтуынша, Польшада жиырма жыл бойы жүргізілген ауқымды жұмыс пен ірі инвестицияларға қарамастан, қазіргі уақытта архив қорының шамамен тек 2 пайызы цифрландырылған.

«Осындай қарқынмен мемлекеттік архивтік ресурстарды толық цифрландыруға шамамен 600 жыл қажет болады», – деді Петр Завильский.

Сонымен қатар сарапшы жаңа үрдіске назар аударды: архивтік коллекциялар жасанды интеллект жүйелерін оқыту үшін құнды ресурсқа айналып отыр, ал ЖИ-компаниялар тарапынан архивтік деректерге түсетін жүктеме жылдам артып келеді.

Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар архивтің болашағы тек тарихи мұраны сақтаумен шектелмей, цифрлық қоғамның дамуына белсенді қатысумен де байланысты деген ортақ пікірге келді. Сонымен қатар цифрлық трансформацияның негізгі қағидаты ретінде жасанды интеллект технологияларына адам тарапынан кәсіби бақылау жүргізу принципі сақталатыны атап өтілді.