08.06.2026

Астанада Жас архившілердің IX Халықаралық Жазғы мектебі ашылды

2026 жылғы 12 маусымда Астанада «Архивтердің ақпараттық архитектурасы: цифрлық шешімдердің жаңа модельдері» тақырыбында Жас архившілердің IX Халықаралық жазғы мектебінің ашылу салтанаты өтті. Биыл Жазғы мектепке Қазақстанның 11 өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан архив саласының өкілдері, барлығы 54 адам қатысуда.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина биылғы Жазғы мектептің тақырыбы цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту саласындағы мемлекеттің негізгі басымдықтарын айқын көрсететінін атап өтті.

«Халықаралық жас архившілер Жазғы мектебі дәстүрлі түрде маусым айында өткізіліп келеді. Биыл Жазғы мектептің тұжырымдамасы Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басымдықтарымен толық сәйкес келеді. Бұған қоса, биылғы іс-шараның ерекше маңыздылығы – Жазғы мектептің ертең «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығында өз жұмысын бастайтын «Digital Archive EXPO» тақырыбындағы III Халықаралық Архившілер конгресі аясында өтуінде», - деді Әлия Мұстафина.

Өз кезегінде Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің Тарихи-архив институтындағы басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері кафедрасының меңгерушісі Михаил Ларин Орталық Азия елдерінің архившілері арасында Жазғы мектептің жоғары беделге ие екенін атап өтіп, оның кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және заманауи архивтік тәжірибелерді зерделеу алаңы ретіндегі рөліне ерекше назар аударды.

«Жас архившілердің жазғы мектебі көршілес елдердің архившілері арасында да, қазақстандық архившілер арасында да қызығушылыққа ие. Әрине, ол ең алдымен тәжірибе алмасуға және озық жұмыс тәсілдері мен әдістерін үйренуге байланысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мен көптеген архивтің жұмысын көрдім және қазақстандық әріптестеріміз қалыптастырған Архивтің құжаттарды басқарудағы сауатты әдіснамалық саясатты, жоғары техникалық дайындық пен қызметкерлердің жоғары кәсібилігін үйлестірген тамаша мекеме екенін айтқым келеді. Сондықтан бұл алаң – тәжірибе алмасу үшін ең қолайлы орын», - деді ол.

Сондай-ақ ашылу салтанатында ТМД Атқарушы комитетінің өкілі Марина Кулагина құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманованың және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауы жолданды.

Биылғы IX Халықаралық жас архившілердің Жазғы мектебінің бағдарламасы архив саласын цифрлық трансформациялау, архивтердің ақпараттық архитектурасын дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және архив ісін заманауи ІТ-шешімдермен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған.

Бір апта бойы қатысушылар Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Ұлыбританиядан келген мамандардың дәрістері мен сарапшылық сессияларына қатысады. Негізгі тақырыптар қатарында цифрлық архивтерді басқару, кино-, фото- және фоноқұжаттардың цифрлық платформалары, жасанды интеллектті қолдану, сондай-ақ архив саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қамтылған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мамандарының практикалық воркшоптарына, «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресіне, британдық сарапшы Эндрю Пейн өткізетін семинарға қатысу және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы орталығына экскурсиялар жасау жоспарланған.

Еске сала кетейік, Жазғы мектеп 2017 жылдан бері өткізіліп келеді және архив ісі мен цифрлық технологиялар саласындағы жас мамандарды даярлауға арналған жетекші халықаралық білім беру алаңдарының бірі болып саналады. Осы уақыт аралығында 1000-нан астам қатысушы оқудан өтіп, біліктілігін арттырды.