11.06.2026

Астанада өткен «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі өз мәресіне жетті

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің ұйымдастыруымен өткен «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресінің жұмысы өз мәресіне жетті. Аталған ауқымды халықаралық форум цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріндегі архив саласының болашағын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі кәсіби алаңдардың біріне айналды.

Конгресс жұмысына 30 елден келген архив саласының, халықаралық ұйымдардың, IT сектордың, ғылым мен білім беру саласының өкілдері, барлығы 500-ден астам адам қатысты. Іс-шаралар Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA), ЮНЕСКО мен Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Президент Архиві және Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы алаңдарында өтті.

Конгресс аясында пленарлық сессия, бес тақырыптық панельдік сессия, «MURA» сараптамалық клубы аясындағы TED Talk форматындағы баяндамалар, ЮНЕСКО-ның халықаралық семинар, халықаралық сарапшы Эндрю Пейн мен ЮНЕСКО Құжаттық мұра бөлімінің басшысы д-р Факсон Банда жүргізген фасилитациялық сессиялар, сондай-ақ архив ісі саласының жетекші мамандары өткізген үш воркшоп, жас архившілердің IX Халықаралық жазғы мектебі және «DA-EXPO» архивтерге арналған жаңа IT шешімдер көрмесі өтті. Панельдік сессияларға 15 модератор, 65 спикер және 4 халықаралық сарапшы қатысты.

ЮНЕСКО-ның халықаралық семинарына 120 қатысушы, ал Эндрю Пейннің білім беру семинарына Астана қаласындағы 60 орта мектептің мұғалімдері қосымша тіркелді, жас архившілердің Жазғы мектебінде шамамен 100 адам қатысты. «DA-EXPO» көрмесінде архив саласына арналған 50-ге жуық IT шешім ұсынылды, олардың ішінде Президент Архивінің 4 инновациялық жобасы бар.

Конгресс архив қауымдастығының цифрлық технологияларды тек тұтынушы ретінде емес, оларды жасау, бейімдеу және енгізу үдерістерінің белсенді қатысушысы болуға дайын екені айқын көрсетті.

Салтанатты жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Конгресс архив саласын дамытуға арналған жаңа тәсілдерді қалыптастыру, халықаралық серіктестікті кеңейту және бірлескен бастамаларды іске қосу үшін маңызды алаң болғанын атап өтті.

«Конгресс күндері қол жеткізілген идеялар, бастамалар мен келісімдер іс жүзінде жалғасын тауып, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызмет етеді деп сенемін. Биылғы Конгресстің қорытындысын шығара отырып, біз келесі ауқымды кездесу – 2028 жылы өтетін IV Халықаралық архившілер конгресінің нақты бағдарын белгілеп отырмыз», – деді Әлия Мұстафина.

Ұлыбритания Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі директоры Джон Шеридан форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне алғыс білдіріп, Конгреске қатысу архив ісі мен архивші мамандығының болашағына деген сенімді күшейткенін айтты.

«Архивтер – құжаттарды сақтайтын ең сенімді орын. Мен үшін және сіздердің барлығыңыз үшін ең басты сабақ – кәсіби қауымдастық ретінде өзіміздің тұрақтылығымызға, біліміміз бен тәжірибемізге сенім артып, біздің жұмысымыздың негізгі мәні болып табылатын құжаттарды сақтау миссиясын тиімді ілгерілете алу қабілетімізде жатыр», – деді ол.

«Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресінің жұмыс қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Қатысушылар архив тәжірибесіне әрі қарай да цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, деректерді сақтау және басқару үдерістерін стандарттау, сондай-ақ қоғамның құжаттық мұраға қолжетімділігін кеңейту қажеттігіне бірауыздан қолдау білдірді. Сонымен қатар, қатысушылар халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасу форматтарын дамыту кәсіби құзыреттерді арттыруға, киберқауіптер мен цифрлық мұраға төнетін қауіп-қатерлерге қарсы тұруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Конгресс қорытындысы бойынша материалдар жинағы әзірленеді. Оған баяндамалар, презентациялар, қатысушылардың талдамалық материалдары және қабылданған резолюция мәтіні енгізіледі. Бұл жинақ Конгресс жұмысының ғылыми және практикалық қорытындыларын жинақтап, талқылаулар барысында айтылған негізгі идеялар мен сараптамалық ұсыныстарды біріктіреді.