Астанада «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі басталды
Астанада Халықаралық архив күнінде ҚР Президенті архивінің ұйымдастыруымен «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі өз жұмысын бастады. Бұл – жасанды интеллект пен цифрлық трансформация дәуіріндегі архив саласының болашағын талқылауға арналған ең ірі халықаралық алаң.
Биыл Конгресс әлемнің 30 елінен келген 500-ден астам қатысушының, атап айтқанда, архив қоғамдастығының, халықаралық ұйымдардың, IT-сектордың, ғылым мен білім саласы өкілдерінің басын қосып отыр. Іс-шара халықаралық архивтер кеңесінің (ICA), ЮНЕСКО және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві алаңдарында өткізілуде.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конгресс қатысушыларына үндеу жолдады. Үндеуді Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариев оқып берді.
МБ цитатасы -----
Конгрестің ашылу рәсіміне Женевадағы БҰҰ Кітапханасы мен архивінің директоры Шарлотта Линдберг Варакаулле, ЮНЕСКО-ның Құжаттық мұра жөніндегі бөлімінің басшысы доктор Факсон Банда, Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс, сондай-ақ Түркия, Жапония, Иордания және Тәжікстан архив қызметтерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен архив саласының кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты.
Конгрестің басты тақырыптарының бірі – қазіргі қоғамдағы архивтің рөлін жаңаша пайымдау. Қатысушылардың пікірінше, қазіргі уақытта архив құжаттарды сақтайтын орын ғана емес, мемлекет, қоғам және жасанды интеллект технологиялары үшін деректердің сақталуын, шынайылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаһандық цифрлық инфрақұрылымның маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді.
Спикер өз сөзінде архив саласын дамытуға мемлекет тарапынан жасалған тұрақты қолдаудың нәтижесінде қазақстандық архив саласының бірыңғай цифрлық кеңістікке кіріктірілгенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде айқындалғанына назар аударды.
Қатысушылар құжаттық мұраны сақтау және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі халықаралық тәжірибелерге де ерекше назар аударды. Спикерлер архивтік материалдардың цифрлық ортадағы қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған БҰҰ-ның Жаһандық цифрлық келісімі мен ЮНЕСКО ұсынымдарының маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық озық тәжірибелердің бірі ретінде Жапонияның үлгісі аталды. Бұл елде жасанды интеллект технологиялары көне қолжазбаларды тану және тарихи құжаттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында кеңінен қолданылады.
Конгрестің алғашқы күніндегі маңызды практикалық нәтижелерінің бірі – халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Халықаралық архивтер кеңесі стратегиялық серіктестікті бекітіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатын Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың белгісі ретінде Иордания Хашимит Корольдігі делегациясының басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне Қазақстан мен Иордания арасындағы өзара байланыстың тарихына қатысты архивтік құжаттарды сыйға тартты.
«Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі өз жұмысын 12 маусымға дейін жалғастырады. Форум бағдарламасына халықаралық панельдік сессиялар, тәжірибелік семинарлар, білім беру воркшоптары, көрме жобалары және IX Халықаралық жас архившілердің жазғы мектебі енгізілген. Бұл іс-шаралардың барлығы цифрлық дәуірде архив ісін дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру мақсатын көздейді.