Астанада «Digital Archive EXPO» Қазақстан архившілерінің III конгресі басталды
Астанада архив саласының цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологиялары дәуіріндегі болашағын талқылауға арналған ең ірі халықаралық алаң – «Digital Archive EXPO» Қазақстан архившілерінің III конгресі өз жұмысын бастады.
Ауқымды форумның ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві. Конгреске әлемнің 30 елінен келген 500-ден астам қатысушы, атап айтқанда, архив мекемелерінің басшылары мен мамандары, Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесінің өкілдері, жетекші IT-сарапшылар, ғалымдар мен зерттеушілер қатысуда.
Конгресс биыл алғаш рет Астанада Президент Архиві мен alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының алаңдарында өткізіліп отыр. Форум аясында цифрлық архивтерді дамыту, құжаттық мұраны сақтауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, архивтік экожүйелерді дамыту, цифрлық деректердің сақталуын қамтамасыз ету және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелері талқылануда.
Конгрестің негізгі тақырыбы еліміздің цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатының басымдықтарын айқын көрсетеді. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев архивтік деректерді цифрлық форматқа көшірудің және жасанды интеллект технологияларын дамытуға қажетті сапалы деректер қорын қалыптастырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын.
Конгресс барысында «Digital Archive. Парадигманың өзгеруі», «Архивтер және AI», «Архивтердің инновациялық экожүйелері», «Архив болашағы: жаңа құзыреттер мен көшбасшылық» атты халықаралық панельдік сессиялар, ЮНЕСКО-ның «Жасанды интеллекттің «Әлем жады» халықаралық тізіміне әсері» тақырыбындағы семинары, MURAtalks сарапшылар клубының отырысы, тәжірибелік воркшоптар мен IX Халықаралық жас архившілердің жазғы мектебі ұйымдастырылады.
Конгресс аясында алғаш рет халықаралық DA-EXPO көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің архив қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған бірегей әзірлемелері таныстырылады. Олардың қатарында архив қоймаларын интеллектуалды басқаруға арналған «GEOTOPOGRAPHY» жүйесі, архивтік құжаттарды тануға арналған «AI Archival Recognition System» қосымшасы, «Virtual Guide» AI-платформасы және СТМК архивші-сарапшысына арналған «QuralAI Assistant» жасанды интеллект көмекшісі бар.
Айта кетейік, Конгресс 11 маусымға дейін жалғасады. Форум қорытындысы бойынша архив саласын одан әрі дамытуға, тарихи-деректік мұраны сақтау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған нақты ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда.