06.11.2026

Астана мен Алматы қалаларында оқушылар архив ісінің қыр-сырымен танысты

Астана мен Алматы қалаларындағы ҚР Президенті Архивінде өткен экскурсиялар мен модульдік сабақта 5-6 қараша күндері 50-ден астам оқушы тарихи құжаттарды сақтау және оларды ғылыми зерттеулерде пайдалану тәсілдерімен танысты. Кездесулер «АрхивSPACE» білім беру жобасы аясында ұйымдастырылды.

5 қарашада Астанадағы Президент Архивіне №18 жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушылары келіп, архив жұмысының түрлі бағыттарымен танысты. Көрме залында олар тарихи құжаттардың еліміздің өткенін зерттеудегі маңызы туралы мәлімет алды. Оқу залында архив материалдарын іздеу және олармен жұмыс істеу тәртібін үйренді. Ал зертханада ескі құжаттарды қалпына келтіру, сақтау және бүлінуден қорғау жұмыстарының ерекшеліктерімен танысты.

Сол күні Архивтің Алматыдағы филиалында №202 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушыларына арналған модульдік сабақтар өтті. Мамандар құжаттарды микрофильмдеу, реставрациялау және түптеу тәсілдерін көрсетіп, тарихи мұраны сақтауда қолданылатын технологиялар туралы айтып берді.

Сабақтың қорытынды бөлімі Архивтің ғылыми-зерттеу және баспа қызметіне арналды. Оқушылар тарихи дереккөздердің ғылыми еңбектер мен құжаттар жинақтарын әзірлеуде қалай пайдаланылатынын, өткен оқиғаларды зерделеуге және бұрын белгісіз болған мәліметтерді анықтауға қалай көмектесетінін білді.

Жеке зерттеу жүргізу мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» жобасы мысалында оқушыларға архив деректері арқылы өз әулетінің тарихын зерттеу, ата-бабалары туралы мәліметтер іздеу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау жолдары түсіндірілді.

6 қарашада Архивтің Алматыдағы филиалы «BAITEREK SCHOOL OF SCIENCE AND TECHNOLOGY» мектебінің 8-сынып оқушыларын қабылдады. «АрхивSPACE» жобасына қатысушылар мекеменің қызметімен, тарихи құжаттарды сақтау тәртібімен және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.

«АрхивSPACE» білім беру жобасы аясында ҚР Президенті Архивінде экскурсиялар мен модульдік сабақтар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл кездесулер оқушылардың тарихқа қызығушылығын арттыруға, архив дереккөздерімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға және өз бетінше зерттеу жүргізуіне мүмкіндік береді.