26.03.2025
Архивтік құжаттарға қалай қол жеткізуге болады
Әрбір адам өз елінің тарихын, халқының өткен жолын білуге талпынады. Мемлекет қалай қалыптасты, маңызды тарихи кезеңдерде қандай шешімдер қабылданды, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері еліміздің дамуына қандай зор үлес қосты деген сұрақтар ізденісті қажет етеді. Бұл сұрақтарға жауапты Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінен табуға болады. Себебі мұнда елдің тарихы, мәдениеті, жетістіктері мен өзіндік жолын бейнелейтін құнды әрі бірегей құжаттар сақталған. Бүгінде архив қорларында 1,5 миллионнан астам іс сақталған. Бұл құжаттар 1918 жылдан бастап жинақталған (бұрынғы партиялық архив материалдары), сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан тарихы бойынша құнды деректер де қамтылған. Олар мемлекеттік органдардың, саяси және қоғамдық ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың жұмысы барысында қалыптасқан. Архивте сондай-ақ Қазақстанның көрнекті саяси және мемлекеттік қайраткерлерінің жеке тектік қоры бар. 2022 жылдан бастап Архивке Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратураның арнайы мемлекеттік архивтерінен құжаттар берілді. Архив ұдайы қорын толықтырып отырады, жыл сайын 7 мыңнан астам іс қабылданады. Бұл ретте мекемелерге құжат жүргізу және архивтік сақтау мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік және практикалық көмек көрсетіледі.
Архивтік материалдарға қалай қол жеткізуге болады? Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұсынатын барлық қызметтер тегін. Тарихқа қызығушылық танытқан зерттеушілер мен азаматтар түрлі жолмен ақпарат ала алады. Зерттеушілер Архивке барып, заманауи техникалармен жабдықталған оқырман залында жұмыс істей алады. Ал 2017 жылдан бастап іске қосылған электронды оқырман залы архивтік құжаттарға қол жетімділікті арттырды. Қолданушылар Архивтің ресми сайтында қорлар туралы анықтамалық материалдар ала алады. Архив қорларымен жұмыс істеу үшін алдын ала ресми мекеменің бланкінде сүйемелдеу хат жіберу қажет. Егер зерттеуші жеке бастамамен келсе, ол еркін формада өтініш толтырады. Екі жағдайда да қажетті материалдарды табу үшін өз бетінше ізденеді. Қазақстан азаматтары әлеуметтік-құқықтық және тақырыптық сұрауларын Архивке e-Otinish порталы арқылы жібере алады: 1. ЭЦҚ немесе SMS аутентификациясы арқылы авторизациядан өту. 2. «Архивтік анықтамаларды беру» қызметін таңдау. 3. Сұрау салынған оқиға туралы мәліметтерді көрсетіп, өтініш толтыру. 4. Өтінішке қол қою. 5. Жауапты күту – ол жеке кабинетке келеді. Өтініш статусын онлайн режимінде бақылауға болады. Сұраған материалды электронды түрде немесе Архивтен жеке алу мүмкіндігі бар. Егер құжат Архивте сақталса, оны 15 күнтізбелік күн ішінде ала алады. Кейбір жағдайларда қарау мерзімі 30 күнге дейін ұзартылады, бұл туралы өтініш берушіге қосымша хабарланады.