17.04.2026

Архивтің Ғылыми кеңесінің отырысы өтті

ХХ ғасырдың 1930-1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ғылыми интеллигенция өкілдерінің архивтік-тергеу істері қамтылған жинақ жарық көрмек. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві дайындап жатқан бұл еңбекте бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған құжаттар енгізіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Архивте өткен Ғылыми кеңесте айтылды.

Ғылыми кеңестің кезекті отырысы офлайн және онлайн форматта өтті. Отырысқа Архив директоры, Ғылыми кеңес төрағасы Ә. Мұстафина, директордың орынбасары Қ.Әлімғазинов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Р. Әли, Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Б. Жангуттин, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ басқарма төрағасы-ректоры Е. Сыдықов және бас ғылыми қызметкері І. Қозыбаев және Архив қызметкерлері қатысты.  

«Қуғын-сүргінге ұшыраған ғылыми интеллигенция өкілдері» жинағының құрастырушысы – Архивтің ғылыми қызметкері Е.Чиликова. Бұл еңбекте тұтқындалғандардың анкеталары, қамауға алу санкциялары, жазалаушы органдардың қорытындылары мен қаулылары, сот үкімдері, ақтау туралы құжаттар және басқа да материалдар енгізілген.

«Бұл жинақтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжаттарын, мерзімді баспасөз материалдарын және ұлттық интеллигенция өкілдерінің ұрпақтарында сақталған жеке архив деректерін жинақтап, ғылыми айналымға енгізу. Сол арқылы 1930-1950 жылдардағы қоғамдық-саяси жағдай кезінде партиялық бақылауда қалыптасқан Қазақстандағы академиялық ғылымның даму тарихын қайта зерделеуді көздеп отырмыз», - деді директор Ә. Мұстафина.

Кеңесте қаралған екінші мәселе – «Қазақстан-Франция серіктестігі: архив құжаттарындағы экологиялық қауіпсіздік пен климаттық дипломатия мәселелері (ХХ ғ. екінші жартысы – ХХІ ғ.)» атты құжаттық альбомның проспект-жоспары. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті Архиві мен Францияның Ұлттық архивтері арасындағы ынтымақтастық аясында дайындалып жатыр. Баяндаманы Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығы Ғылыми жарияланымдар секторының меңгерушісі Е. Сыздыкова таныстырды.

«Жобаның басты мақсаты – архив деректері негізінде Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстардың қалай дамығанын жан-жақты әрі ғылыми тұрғыда көрсету. Әсіресе, бүгінгі таңда экология және климат мәселелеріне қатысты ынтымақтастықтың маңызы артып отыр. Альбомда алғаш рет түрлі архивтердегі құжаттар, дипломатиялық хаттар мен ғылыми материалдар негізінде екі елдің серіктестігіне тұтас көзқарас ұсынылады. Бұл еңбек Қазақстанның халықаралық деңгейдегі жауапты әрі экологиялық бағытты ұстанатын серіктес ретіндегі рөлін көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Е. Сыздыкова.

Талқылау барысында жинақтың ғылыми маңызы, дереккөздік базасы мен құрылымы жөнінде пікірлер айтылып, ұсыныстар берілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша аталған басылымдардың проект-жоспары бірауыздан мақұлданды.

Бұл – Ғылыми кеңестің биылғы алғашқы отырысы. Айта кетсек, 2025 жылы Кеңес мүшелерінің жұмысы нәтижесінде Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» альбомы, мемлекеттік органдар жайлы анықтамалық, Нығмет Нұрмақовқа арналған жинақ пен архив ісіне қатысты өзге де маңызды бес басылым жарық көрді.