17.01.2023

Архивтің ауқымды әріптестігі

Архив – тарихи білімнің негізі, әр мемлекеттің ғасырлар бойы жинаған құжаттар қоймасы. Бүгінгі таңда әлем елдері архивке, оның қызметі мен рөліне ерекше көңіл бөліп отыр. Себебі дүние жүзіндегі архивтердің барлығының міндеті бір – ол қандай да бір қоғамның тектік тұғыры мен ғасырлар еншісін иеленген тарихи құжаттарды қаз қалпында болашақ ұрпаққа жеткізу болып табылады. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві шетелдік 8 мемлекеттің архив және ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық бойынша байланыс орнатып, ҚР Ұлттық архив қорын толықтыру және насихаттау мақсатында әрі жаңа әдіс-тәсілдерді игеру үшін тәжірибе алмасып келеді.

Бүгінде осы игі бастамалар жалғасын тауып, Президент Архиві мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтерінің арасында ынтымақтастықты дамытуға негізделген келісімге қол қойылды. Бұл келісім мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2023 жылғы 15-18 қаңтар аралығындағы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында жасалды.


Екі ел арасындағы екіжақты стратегиялық серіктестікті дамыту перспективалары бойынша халықаралық келісімдердің күн тәртібінде көтерілген архив, кітапхана саласының ынтымақтастық туралы маңызды құжатқа қол жеткізуі Мемлекет басшысының рухани құндылықтарға аса мән беруінің арқасында жүзеге асып отыр. Аталған құжатқа ресми түрде ҚР Президенті Архивінің серіктестік туралы келісім жасауы – оның елімізде айрықша статустағы архив мекемесі екенінің тағы бір дәлелі деп білеміз. Басты мақсат – екі ел арасында тек экономикалық бағыттарды ғана емес, рухани құндылықтар көкжиегін арттыру, архив ісінің негізгі бағыттары бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу, архив саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру.

Сонымен қатар келісім негізінде архившілердің біліктігін арттыру мақсатында архив қызметкерлері мен басшылық құрамы үшін екіжақты сапарларды қабылдау және қолдау, семинарлар, тағылымдамалар, тренингтер өткізу жоспарланған. Сала бойынша бірлескен басылымдар шығарып, ортақ зерттеулер мен көрмелер өткізу де белгіленіп отыр.