11.06.2025
Архивтердің цифрлық трансформациялануы: Жазғы мектептің екінші күнінен қорытынды
Жазғы мектептің екінші күні құжат айналымын цифрландыру жағдайындағы басқару тәсілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін архив құжаттарын қолжетімді ету, жасанды интеллекттің озық үлгілерін қолдану мәселелері талқылады. Бүгін, 11 маусымда Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандары осы тақырыптарды қамтитын дәрістер оқып, оны шамамен 90-ға жуық архивші тыңдады.
Іс-шараның модераторы ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина болды. Ол Жазғы мектеп бағдарламасындағы баяндамалардың танымдық әрі кәсіби мәніне тоқталды. Директор өз сөзінде Архив қабырғасында өтіп жатқан дәрістерді тек білім көкжиегін кеңейтетін пайдалы ақпарат ретінде ғана емес, сонымен қатар күнделікті жұмысты оңтайландыру мен цифрландыру мүмкіндіктері жайында ой қозғайтын алаң деп қарастыру қажеттігін жеткізді. Себебі алдағы уақытта мемлекеттік архивтерге өткізілетін құжаттардың басым бөлігі цифрлық форматта болады. Сондықтан деректерді басқару және жаңа жұмыс әдістерін қалыптастыру мәселесі кәсіби ортада кеңінен талқылануы тиіс екенін атап өтті.
Алғашқы болып сөз алған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ж.Б.Дүбірова «Цифрлық жобалар: бастамадан нәтижеге дейін» тақырыбындағы баяндамасында цифрлық дәуірдегі ұйымдарды трансформациялаудың негізгі жолдарына тоқталды. Ол өз тәжірибесі негізінде Астанада енгізілген IKomek109 жедел әрекет ету және қаланы цифрлық басқару жүйесін мысалға келтірді. Мемлекеттік органдарда құжаттармен жұмыс істеу кезінде кездесетін өзекті мәселелер мен жаңа үрдістерді атап өтті.
Ж.Б.Дүбірова цифрландыру үдерісінің сәтті жүзеге асуы үшін қызметкерлерді жүйелі оқытып, жаңа процестерге бейімдеу маңызды екенін баса айтты.
Өз кезегінде Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті Тарих және архив институтының басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері кафедрасының меңгерушісі М.В. Ларин Ресейдегі құжат айналымын басқарудың нормативтік базасын дамыту тәжірибесімен бөлісті. Баяндамадан кейін спикер қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Жазғы мектеп бағдарламасы аясында біз архив саласындағы заманауи жаңалықтар мен жаңа технологиялар жөнінде көптеген тың мағлұматтар алып жатырмыз. Қазіргі таңда еліміз цифрландыруға бет бұрып жатқандықтан, архив саласы да осы өзгерістерге бейімделіп, заманауи технологияларды меңгеруге, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін архив ісіне енгізуге дайын болуымыз қажет деп есептеймін», – деді Қарағанды қаласы мемлекеттік архивінің маманы М.Жүнісова.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің архив саласындағы мүмкіндіктері жөнінде Astana IT University қызметкерлері М.Қ. Мукушев пен Б.Б. Әбдікенов баяндама жасады. Олар Vision Language Model сынды жаңа буын технологиялардың архивтік деректермен жұмыс істеуде тиімділігін нақты мысалдармен көрсетті. Бұл өз кезегінде архив ісінің болашағы жасанды интеллектпен тікелей байланысты болатынын меңзеді. Сонымен қатар саңырау және нашар еститіндер үшін архивтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету шеңберінде терең оқыту модельдерін (Deep Learning Model) қолдану және әзірлеуді түсіндірді.
Ал архив ісі мамандығында оқитын студенттер үшін бұл іс-шара олардың салаға деген қызығушылықтарын арттырып, алдағы кәсіби жолдарына бағыт-бағдар берді.
«Жазғы мектеп аясында көптеген жаңа мәліметтермен таныстым. Әсіресе, жасанды интеллекттің қазіргі архив саласына ықпалы мен болашақта оны тиімді қолдану жолдары туралы тың деректер мен үшін аса қызықты болды. Жалпы, бұл жоба маған өте ұнады және оқып жатқан мамандығым үшін пайдалы болды. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті А.Әбдірахман.
Сондай-ақ Жазғы мектеп аясында өзге де мамандар дәріс оқыды: ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының шақырылған сарапшысы М.В. Шиллер - «Тиімді команданы басқару», Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті Тарих және архив институтының басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері кафедрасының доценті О.Н. Букреева - «Ресей архивтерінде электрондық архивтермен жұмысты әдістемелік қамтамасыз ету» тақырыбында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Б.Е.Нұрпейісова - «Қазақстандағы цифрлық технологиялар жағдайындағы электрондық құжат айналымы мен электрондық архивтер», К.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жанындағы «Цифрлық техника және технологиялар институты» АҚ жобалық менеджері И.А. Симонов - «Архивтердің цифрлық трансформациясы – тарихи жадыны сақтаудағы жасанды интеллектінің рөлі».
Форум соңында қатысушылар топтарға бөлініп, жобаларын қорғайды.