09.06.2026
«Архивтер және AI: құралдар, этика және болашақ стратегиялары» панельдік сессиясы өтті
2026 жылғы 9 маусымда «Digital Archive – EXPO» III Архившілер конгресі аясында «Архивтер және AI: құралдар, этика және болашақ стратегиялары» атты панельдік сессия өтті. Іс-шара архив саласының сарапшыларын, халықаралық ұйым өкілдерін және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды біріктіріп, Қазақстан, Әзербайжан, Ирландия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сингапур, АҚШ және Түркияны қоса алғанда 8 елдің өкілдерінің басын қосты. Сессияға 9 спикер қатысты, ал қатысушылар саны 100-ден асты.
Сессия барысында қатысушылар жасанды интеллект технологияларының архив саласының дамуына ықпалын талқылады. Үш негізгі бағытқа ерекше назар аударылды: технологиялық құралдар, AI қолданудағы этикалық және құндылықтық тәсілдер, сондай-ақ цифрлық трансформация дәуіріндегі архивтердің болашағына қатысты стратегиялық көзқарас.
Атап айтқанда, Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі директорының орынбасары Амина Байкенова ұлттық жадыны цифрландыру мәселелеріне тоқталып өтті: «Қазақстанның архивтік мұрасы кириллица, латын және араб графикасын (төте жазу) қамтиды. Oylan және MangiSoz сияқты мультискриптті тануға қабілетті озық жасанды интеллект модельдерін енгізу тарихи құжаттар мен қазіргі цифрлық қолжетімділік арасындағы алшақтықты жою үшін қажет. Осылайша, цифрландырылмаған орасан зор жазбалар қорын цифрлық форматқа көшіруге және оны халыққа, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасын сақтауға қолжетімді етуге мүмкіндік туады».
Ол сондай-ақ «шағын ресурс» мәселесіне қатысты нақты шешімдер бар екенін атап өтті: қазақ тілі жасанды интеллект деректер базасы үшін шағын ресурс саналғанымен, деректерді генерациялау және туыстас түркі тілдерінен Transfer Learning (білімді көшіру) әдістерін қолдану символдық қателер жиілігін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бірегей архивтік қолжазбаларды цифрландырудың жоғары дәлдігін қамтамасыз етуге жол ашады.
Сингапур Ұлттық архивінің (NAS) архившісі Николь СО ұлттық кейсті таныстырып, NAS жүйесінде Сингапурдың Үкіметтік технологиялар агенттігі (GovTech) әзірлеген жасанды интеллект құралдары – AiSay2 және AIBots қолданылатынын атап өтті. Бұл агенттік – Сингапурдың «Ақылды ұлт» цифрлық бастамасын және мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау үдерісін ілгерілететін жетекші ұйым. «AI құралдары архивтік материалдарды автоматты түрде жазуға, мазмұнын талдауға, деректердің сезімталдық деңгейін бағалауға және архивтік файлдарға қысқаша сипаттама дайындауға көмектеседі, осылайша, оларды тексеруге кететін уақытты едәуір қысқартады», - деді.
Бұл мәселеге тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті (РМГУ) құжаттық қамтамасыз етуді басқарудың автоматтандырылған жүйелері кафедрасының меңгерушісі Михаил Ларин де назар аударды. «Қазіргі кезде жасанды интеллект технологияларын архившіні алмастыратын құрал ретінде емес, мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтетін құрал ретінде қарастыру қажет», - деді. Сондай-ақ, жаңа буын мамандарын даярлауда пәнаралық дайындық болмаса, жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкін емес екенін атап өтті.
Соңғы жылдары цифрлық трансформация, соның ішінде архив саласында ең көп талқыланатын құралдарының бірі ірі тілдік модельдер болып отыр. Алайда олардың әлеуетімен қатар, қолдану шекаралары, тәуекелдері мен шектеулері туралы мәселе жиі көтеріле бастады.
Сорбонна Абу-Даби (БАӘ) университетінің ғылыми қызметкері, PhD Лиа ШОНХЕ ірі тілдік модельдер архив ісі үшін әмбебап шешім емес екенін атап өтті. Дайын LLM модельдерін баптаусыз және кәсіби бақылаусыз қолдану бірқатар тәуекелдерге әкеледі: галлюцинациялар, құжаттардың шығу тегін бұрмалау, даталаудағы қателіктер, архив стандарттарына сәйкес келмеу және тарихи материалдарды өңдеудегі біржақтылық.
Ол сондай-ақ «Архив ісінде жасанды интеллект міндетті түрде адам бақылауын және институционалдық ережелерді талап етеді. Тіпті ең жетілген модельдердің өзі қателеседі, сондықтан AI арқылы жасалған әрбір сипаттама архивші тарапынан тексерістен өтуі тиіс. Верификация процедуралары мен кәсіби стандарттарсыз LLM қолдану архив деректерінің шынайылығына қауіп төндіреді», - деп атап өтті.
Сессияға қатысушылар AI-технологияларды енгізу бірыңғай кәсіби стандарттарды әзірлеуді, этикалық тәсілдерді қалыптастыруды және тарихи деректердің шынайылығы мен сақталуын қамтамасыз етудегі архившілердің негізгі рөлін сақтауды талап етеді деген пікірге келді.
Талқыланған мәселелердің өзектілігін ескере отырып, қатысушылар семантикалық талдауға негізделген интеллектуалды іздеу жүйелері, OCR/HTR технологиялары және метадеректерді автоматты түрде қалыптастыру салаларында архиваралық және мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ архивтік ресурстарға қолжетімділікті арттыру мақсатында көптілді интерфейстерді енгізу бойынша үздік тәжірибелермен алмасуды жалғастыру және автоматтандырылған деректерді өңдеу нәтижелеріне архившілердің кәсіби бақылауын сақтап қалу мәселелеріне қолдау білдірді.
Айта кетейік, сессияға 120-дан астам адам қатысты, олардың қатарында архивистер, зерттеушілер, IT-сарапшылар, оқытушылар және салалық ұйымдардың өкілдері бар.