03.07.2025
Архивтер төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуі керек
Өрт, су тасқыны, табиғи апаттар немесе тосыннан болатын оқиғалар архив құжаттарының сақталуына тікелей қауіп төндіреді. Мұндай сәттерде маңызды ақпараттың жоғалуына жол бермей, архив қорларын қалай қорғауға болады? Осы және басқа да өзекті мәселелер Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде өткен семинарда талқыланды.
Семинар тақырыбы – «Төтенше жағдайлар кезінде архивтік құжаттармен жұмысты ұйымдастыру». Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентіне бағынысты және есеп беретін мемлекеттік органдардың 47 өкілі қатысты. Олардың қатарында Президент Әкімшілігі, Конституциялық Сот, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық банк және өзге де маңызды мекемелердің өкілдері бар.
Семинарда Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің басшысы Гүлнара Мұқажанова дәріс оқыды. Ол қатысушыларды архив ісі мен азаматтық қорғау саласындағы негізгі заңнамалармен таныстырып, құжаттарды эвакуациялау бойынша нақты іс-қимыл тәртібін түсіндірді. Бұл тәртіп Қазақстан Республикасы Президенті Архиві тарапынан 2024 жылы арнайы әзірленген болатын.
«Төтенше жағдайда бір ғана құжаттың жоғалуы құнды ақпараттың жойылуына алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір мемлекеттік орган құжаттарды эвакуациялау тәртібін нақты меңгеріп, олардың сақталуына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ең алдымен құнды материалдар эвакуацияланады. Азаматтық қорғаныс жоспарларында құжаттарды эвакуациялау кезектілігі – бірінші, екінші және кейінгі кезеңдер бойынша алдын ала айқындалады», – деді Гүлнара Мұқажанова.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар тест тапсырып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Оқу бағдарламасы аяқталған соң барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, бұл семинар – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырып отырған жүйелі жұмысының бір бөлігі. Мұндай іс-шаралар Ұлттық архив қорының тұтастығын, құжаттардың ұзақ мерзімді сақталуын және мемлекеттік басқару жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.