07.11.2023

Архивте этномәдени орталықтарға арналған семинар өтті

2023 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Архивтің жинақтау көздері болып табылатын этномәдени орталықтарға арналған семинар өтті. Қоғамдық ұйымдар қандай құжаттармен жұмыс істейді, қандай дереккөздер жекелеген этномәдени орталықтың тарихын баяндайды, тарих үшін қандай құжаттарды сақтау керек, осы және басқа да сұрақтарға семинар жүргізушілері – Президент Архивінің қызметкерлері жауап берді. Архивтің жинақтау көздеріне ведомстволық сақтау жұмысын ұйымдастыру, құжаттардың құндылығын сараптау мәселелерінде әдістемелік көмек көрсету – Архив қорын қалыптастыру қызметінің жұмыс бағыттарының бірі.

Қызметтің бас сарапшысы Ж.С. Зейнелов ведомстволық архивте құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, құндылығын сараптау ерекшеліктері, құжаттарды мемлекеттік сақтауға тапсыру және ретке келтіру туралы айтып берді. Қоғамдық бірлестіктерде істер номенклатурасын жасау тәртібі туралы Қызметтің аға сарапшысы Ф.Т. Дуванова атап өтті. Сондай-ақ, ол қатысушыларды іс жүргізу және архивтік сақтау бойынша жаңа нормативтік құжаттармен таныстырды. Семинарға қатысушылар этномәдени орталықтардың құжаттарын ресімдеу және сақтау бойынша сұрақтар қойып, кейбір өзекті мәселелерді нақтылады. Мұндай кездесулерді тұрақты негізде өткізу қажет екендігі атап өтілді.