13.05.2026

Архивте Манаш Қозыбаевтың хаттары жарияланған кітап таныстырылды

Белгілі тарихшы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың 225 хаты алғаш рет бір жинаққа топтастырылды. Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің филиалында ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасын арқау еткен «Манаш Қозыбаев: Уақытпен сырласу. Голос эпохи в письмах» кітабының таныстырылымы өтті.

Жаңа жинаққа ғалымның 1964-2001 жылдар аралығындағы жазған хаттары топтастырылған. Басылым Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде сақталған ғалымның жеке қорындағы құжаттар негізінде дайындалған. Қор құрамында өмірбаяндық материалдар, ғылыми еңбектер, қолжазбалар, ресми құжаттар, фотосуреттер және мемлекет, қоғам қайраткерлерімен, отандық әрі шетелдік зерттеушілермен алмасқан хаттары сақталған.

Жинақтағы хаттардың арасында Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру мәселесіне қатысты жазбалар да бар. Атап айтқанда, 1980, 1983, 1985 және 1990 жылдары жазылған хаттар енгізілген. Осы қоғамдық бастамалардың нәтижесінде 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Кітап оқырманды ХХ ғасырдағы қоғамдық-саяси ахуалға терең бойлатып, сол кезеңнің тарихи тынысын, сол жылдардағы шешімдер мен ұлт тағдырына қатысты мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Құрастырушылардың айтуынша, хаттарда тек бір тұлғаның өмір жолы емес, тұтас дәуірдің үні мен тарихи келбеті көрініс тапқан.

Кітапты құрастырушы Ілияс Манашұлы Қозыбаевтың сөзінше, жинақтағы материалдар арқылы белгілі тарихшының азаматтық ұстанымы мен дәуір тынысын қатар тануға болады.

«Кітаптың негізіне әкемнің хаттары арқау болды. Хаттар сол кезеңнің тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайды. Онда әкемнің депутат, ғалым, азамат ретіндегі болмысы ашылады. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтардың тағдыры сияқты тақырыптар қамтылып, сол кезеңнің шынайы келбеті көрсетілген», – деді ол.

Басылым тарихшыларға, зерттеушілерге, оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен Манаш Қозыбаевтың ғылыми мұрасына қызығушылық танытатын көпшілік оқырманға арналған. Онымен Президент Архивінің оқырман залында танысуға болады.