17.04.2026
«АрхивSPACE» жобасы аясында 160 оқушы архив жұмысымен танысты
Осы аптада «АрхивSPACE» жобасы аясында Астана және Алматы қалаларынан 160 оқушы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде болып, архив қызметінің қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды.
Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің, №91 мектеп-гимназияның және Ә. Кекілбаев атындағы Binom School мектеп-лицейінің оқушылары Архивке арнайы келді.
1918–1991 жылдар аралығындағы құжаттарды сақтайтын Алматы қаласындағы Архив филиалында М. Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің және №145, №73, №183, №165 мектептердің шәкірттері тарихты сақтайтын мамандардың жұмысымен тереңірек танысты.
Астана мен Алматы қалаларында оқушылар Архив залдарын жай ғана аралап шықпай, тарихи құжаттармен жұмыс істеудің ерекшелігін іс жүзінде көрді. Дәстүрлі экскурсиялардан ерекшелігі – кездесулер интерактивті форматта өтті. Оқушылар қағаз құжаттардың цифрлық нұсқаға қалай көшірілетінін көрді. Архивтің жетекші мамандары реставраторлардың құжаттарды қалай қалпына келтіретінін және цифрландырудың не үшін қажет екенін түсіндірді.
Айта кетейік, жыл басынан бері «АрхивSPACE» жобасы аясында Президент Архивінің қызметімен 600-ден астам оқушы танысты. Тарихи мұраны насихаттауға бағытталған жоба алдағы уақытта да жалғасады.