27.04.2026

«АрхивSpace» жобасы аясында 100-ден астам оқушы Архивке келді

Бүгін «АрхивSpace» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне Астана қаласындағы №99 орта мектептің 5-сынып оқушылары қонаққа келді. Танымдық іс-шараға барлығы 114 бала қатысып, мекемеміздің жұмысымен жақынырақ танысты.

Оқушылар көрме және оқу залдарын аралап, тарихи материалдармен танысып, оларды зерттеу тәсілдері туралы мағлұмат алды. Әсіресе, ескірген құжаттарды қалпына келтіру үдерісі жас жеткіншектердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Өз сыныбын бүгінгі экскурсияға алып келген орыс тілі пәнінің мұғалімі Медет Есентайұлы мұндай кездесулердің маңызына тоқталды.

«Осындай форматтағы шаралар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Оқушылар архивтік құжаттардың маңызын терең ұғынып, ел тарихына деген құрметі арта түседі деп ойлаймын», - деді ол.

Айта кетейік, өткен аптада Архивтің Алматы қаласындағы филиалына И. Панфилов атындағы мектеп-лицейдің 27 оқушысы, ал Астана қаласындағы ғимаратқа Қ. Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінен 26 оқушы арнайы барды. Жалпы жыл басынан бері 931 бала архив жұмысымен танысты.