06.11.2025
«АрхивSPACE» жас зерттеушілерге есік ашты
Астана қаласындағы № 6 мектеп-гимназиясының және №99 орта мектептің оқушылары Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне экскурсияға келді. Іс-шара «АрхивSPACE» жобасы аясында ұйымдастырылды, ол оқушылар арасында еліміздің тарихы мен құжаттық мұраға қызығушылықты арттыруды мақсат етеді.
Іс-шара барысында арнайы экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар Президент Архивінің қызметімен танысты. Оқу залында олар зерттеуші ретінде жұмыс істеуді үйреніп, архив құжаттарының цифрлық нұсқаларын көре алды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған экспозицияны аралады.
Оқушыларға Архивтің зертханасы мен көрме залын таныстырылды. Онда балалар тарихи құжаттардың сақталу тәртібі мен ескірген құжаттарды қалай қалпына келтіретінін білді.
«Экскурсия барысында тарихымыз туралы көптеген жаңа мәлімет алдым. Егемендік туралы Декларацияның ел тәуелсіздігі үшін қаншалықты маңызды құжат екенін түсіндім. Әр архивтік құжаттың артында тарих жатқанын ұқтық», – деді 5-сынып оқушысы Азалия Тастанова.
Сондай-ақ, оқушылардың алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекіту мақсатында арнайы тапсырмалар орындап, үздік оқушы марапатталды.
Айта кетейік, «АрхивSPACE» жобасы шеңберінде осы уақытқа дейін Президент Архивіне 208 оқушы келіп, мекеменің жұмысымен танысты. Олар Қазақстан тарихына қатысты архивтік құжаттармен танысып, білімдерін кеңейтті.