03.10.2024

«Архившілердің кәсіби білімі мен дамуы» тақырыбындағы диспут-сессия

3 қазанда ІІ Архившілер Конгресінің аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Архившілердің кәсіби білімі мен дамуы» тақырыбындағы диспут-сессия өтті. Шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Ж.Қ. Түймебаев, Иордания Хашимит Королдігінің Ұлттық кітапханасының бас директоры Нидал Ибрахим Мұхаммад әл-Ахмад, Ұлыбритания Ұлттық архивінің Білім және ағарту басқармасының басшысы Эндрю Пэйн, Литваның Каунас өңірлік мемлекеттік архивінің директоры Гинтарас Дручкус, Тәжікстанның Соғды облысы мемлекеттік архивінің директоры Г.В. Ҷарқин-заде, Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институты (Ресей) директорының орынбасары Е.А. Романова, Моңғолия Бас архив басқармасының Ғылыми-әдістемелік және басқару бөлімінің басшысы Ц. Баасанжав, Гданьсктегі Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің (Польша) бас ғылыми қызметкері Д. Панто, архив ісінің жетекші отандық және шетелдік сарапшылары, ЮНЕСКО өкілдері, Еуропа одағының мамандары мен ТМД елдерінің жетекші ғалымдары қатысты. Іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, оқу ордасында архив ісі саласында мамандарды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, Президент Архивімен бірлестікте жүзеге асырылып жатқан халықаралық білім беру жобалары туралы айтып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихына айрықша мән беріп, «тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек. Сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру – біздің негізгі міндетіміз», – деп атап өткен болатын. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚР Президентінің Архиві тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс атқарып келеді. ҚазҰУ – 90 жылдық тарихында архившілердің бірнеше буынын даярлаған бірегей оқу орны. Тарихи, мәдени мұраны сақтау, зерттеу, дамыту және ұлт игілігіне пайдалану – біздің ортақ мақсатымыз. Осы орайда, бүгінгі қатысып жатқан барлық ғалым-сарапшыларды болашақта архивтану саласы бойынша ҚазҰУ-да дәріс өткізуге шақырамын. Бұл бастама алдағы уақытта Қазақстанға және өзге де мемлекеттерге қатысты архивтерді бірлесіп пайдалануға және зерттеуге мол мүмкіндік береді», – деді ректор. Өз кезегінде Иордания Хашимит Королдігінің Ұлттық кітапханасының бас директоры Нидал Ибрахим Мұхаммад әл-Ахмад «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде екінші мәрте Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Университет ректоры Жансейіт Түймебаев айтқандай, біз бір-бірімізге әрдайым көмектесуіміз қажет. Осы тұрғыда оқытушылар мен студенттерді алмасу жұмысын жандандыру маңызды. Мен алдағы уақытта архив ісі бойынша Қазақстанның кітапханаларымен және ЖОО-ларымен келісімге қол қойып, серіктестік орнатамыз деген ойдамын», – деді. Сонымен қатар халықаралық жиында Польша, Ресей, Өзбекстан, Литва және т.б. мемлекеттен келген ғалым-сарапшылар сөз сөйлеп, архив ісі саласын дамыту бағытында түрлі ой-пікірлерін ортаға салды.