03.09.2026

Архившілер құжаттарды археографиялық рәсімдеудің өзекті мәселелерін талқылады

Архивтік құжаттарды ғылыми жарияланымға енгізу кезінде оның мәтінімен қатар тарихи мәні, деректік ерекшелігі және оқырманға қажетті мәліметтері де дұрыс берілуі маңызды. Демек, археографиялық рәсімдеу тарихи құжатты ғылыми айналымға енгізудің маңызды тетігі болып саналады. Осы тақырып аясындағы сұрақтар бүгін Президент Архивінде өткен «Құжаттық жарияланымдарды әзірлеудегі құжаттарды археографиялық рәсімдеудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы MeetUp онлайн кездесу барысында талқыланды.

Жиынды ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина ашып, MeetUp кездесулері архившілердің тәжірибе алмасуына және өзекті мәселелерді бірлесіп қарастыруына бағытталғанын атап өтті.

Тақырып аясында баяндама жасаған ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының Ғылыми зерттеулер секторының аға ғылыми қызметкері Евгения Чиликова құжаттық жарияланымдарды әзірлеудің негізгі ғылыми қағидаттарын жіктеп көрсетіп, құжатты тарихи контексте қарастыру, оны объективті түрде ұсыну және жарияланымның мазмұнын ашатын деректерді дұрыс іріктеудің маңызын түсіндірді.

Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының Ғылыми жарияланымдар секторының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Елена Сыздықова өз баяндамасында археографиялық легенданың құжатты сәйкестендірудегі, оның түпнұсқалығын және өзге де сипаттарын көрсетудегі рөлін ашып айтты. Сондай-ақ археографиялық легенданы әзірлеуде белгіленген талаптар мен зерттеушілік интерпретацияның арақатынасына тоқталды.

Онлайн кездесуге Қазақстанның барлық мемлекеттік архивтерінен 62 қызметкер қатысып, кәсіби тәжірибе алмасты. Жиын соңында өткен сұрақ-жауап барысында қатысушылар құжаттық жарияланымдарды әзірлеу мен археографиялық рәсімдеуге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Айта кетсек, Архивте MeetUp кездесулері осы жылдың наурыз айынан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.