13.01.2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне арналған архивтік жинақтар мен анықтамалықтар

Қазақстан Республикасы Президенті Архиві қызметінің бір түрі жоғары оқу орындарымен кәсіби мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласында дуалды білім беру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау болып табылады. 2022 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында дуалды білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қайта қол қойылды. Келісім аясында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, басылымдар мен ғылыми материалдармен алмасады. 2023 жылғы 12 қаңтарда Архив тарапынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасының қорына архившілер дайындаған кітап басылымдарын сыйға тартты.

Сыйға берілген кітаптардың ішінде 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысының тарихы, депортация тарихы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы құжаттық жинақтар, өмірбаяндық анықтамалықтар, Архив қорлары бойынша жөнсілтер және жеке тектік архив қорлары бойынша анықтамалық және т.б. кітаптар бар. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві дайындаған кітап басылымдарына Қазақстанның ХХ ғасырдағы және Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихына қатысты архивтік құжаттар енген. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жылгелдинов М.Т. құжаттық жинақтар мен архивтік анықтамалықтарды дайындау үдерістері туралы айтып, олардың әсіресе студенттер мен магистранттарға, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің оқытушыларына пайдалы болатынына сенім білдірді.