31.03.2026

Архивке барған бір күн: оқушылар не үйренді

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві жүзеге асырып жатқан «АрхивSPACE» жобасы аясында мектеп оқушыларына арналған модульдік сабақтар жалғасуда. Бұл жолы архивке Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия 6-сыныптың 27 оқушысы келді.

Сабақ тәжірибеге бағытталды. Оқушылар бірнеше топқа бөлініп, архивтің негізгі бағыттарын жеке аралап шықты. Әр бөлімде мамандар күрделі үдерістерді қарапайым тілмен түсіндіріп, құжаттардың қалай сақталатынын, қалай қалпына келтірілетінін және цифрлық форматқа көшірілетінін көрсетті.

Әсіресе оқу залындағы құжаттардың цифрлық нұсқалары оқушылардың қызығушылығын оятты.

«Оқу залында архив қорында қандай материалдар бар екенін білдік. Алдағы уақытта бізді қызықтырған тарихи оқиғаларға қатысты ақпарат іздесек, осында келіп қарауға болатынын түсіндік. Бұл біз үшін жағымды жаңалық болды», – деді 6-сынып оқушысы А. Ахмет.

Сабақ барысында балалар Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырған «Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз – ұлттық жаңғыру символы» атты тарихи-құжаттық көрмені де тамашалады. Көрмеде 1891–2010 жылдарды қамтитын сирек архив материалдары ұсынылып, Наурыз мейрамының тарихы, оның кеңестік кезеңнен кейін қайта жаңғыруы, сондай-ақ мерекенің ұлттық маңызы кеңінен таныстырылды. Оқушылар көне фотосуреттер мен тарихи құжаттар арқылы қазақ халқының мерекелік дәстүрлері мен өткен дәуірдегі Наурыз көріністерімен жақынырақ танысты.

«АрхивSPACE» жобасы аясында жыл басынан бері 450 оқушы келіп, тарихи мұраны сақтау ісімен танысты. Алдағы уақытта жоба өз жұмысын жалғастырады.