05.11.2026

«Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» конкурсына 124 жоба қабылданды

ҚР Президентінің Архиві жыл сайын ұйымдастыратын «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» конкурсына қатысу үшін 213 өтінім келіп түсті. Тіркелген қатысушылардан барлығы 124 жоба қабылданды. Оның ішінде Астана қаласынан – 44, Алматы қаласынан – 80.

Қазіргі уақытта жобаларды сырттай іріктеу кезеңі жүріп жатыр. 20 қарашаға дейін сараптамалық комиссия жұмыстарды тақырыптың ашылуы, архивтік шифрлардың көрсетілуі, зерттеудің бірегейлігі және жасалған қорытындылар бойынша бағалайды.

Іріктеу нәтижесінде ең жоғары балл жинаған 30 жобаның авторы финалдық кезеңге шақырылады. 26 қарашада жас зерттеушілер конкурстық комиссия алдында өз жұмыстарын қорғайды.

Айта кетейік, Астана және Алматы қалаларындағы жалпы білім беретін мектептердің 8-11-сынып оқушыларына арналған байқау 2022 жылдан бері өткізіліп келеді. 

Конкурс оқушыларға архив құжаттары мен басқа да дереккөздер негізінде өз отбасының тарихы арқылы ел тарихын зерделеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол оқушылардың зияткерлік және тұлғалық дамуына, зерттеу дағдыларын қалыптастыруға, тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға және жастар арасында архив құжаттарын кеңінен насихаттауға бағытталған.