01.09.2023

Архив қызметкерлері Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады

2023 жылғы 1 қыркүйекте ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын тыңдады. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты құжатта атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы орындалуы тиіс тапсырмалар тізбегі айтылды, жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды. Президент Жолдауындағы негізгі мәселе еліміздің экономикалық дамуына арналды. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталған шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Президент ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек екендігін баса айтты. «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», - деп, Жолдауда көрсетілген міндеттердің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысының нақты уақыт көрсетуі тапсырмалардың сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуына кепілдік беретінін көрсетеді.

Жолдауда бірнеше басты міндеттер қойылды. Олардың қатарында елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту, электр қуаты, жылу, су сияқты игіліктерді үнемдеу, «жасыл» экономиканы ілгерілету, өнеркәсіптік негізді толықтыру және т.б. өзекті мәселелер қамтылды. Ел Президентінің Жолдауы оң өзгерістерімен, оңтайлы жаңалықтарымен ерекшеленді. Әсіресе, Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру тиіспіз дегені өте дұрыс. Мемлекет басшысының Жолдауын ден қойып тыңдаған Архив қызметкерлерінің ортақ пікірлері осыған саяды. «Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ» - деді Мемлекет басшысы.