01.08.2025

Архив қызметкерлері кәсіби білімін екі маңызды семинарда толықтырды

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері сала бойынша кәсіби біліктіліктерін үнемі арттырып, заманауи әдістерді меңгеруге ерекше мән береді. 2025 жылдың шілде айында архившілер бірден екі маңызды семинарға қатысып, жұмыс процесін оңтайландыру мен архив ісіне қатысты әдістемелік құжаттарды әзірлеу бағытында білімдерін толықтырды.

16-18 шілде аралығында Архив қызметкерлері «Мемлекеттік органдардағы бизнес-процестердің реинжиниринг әдістемесі»  атты оқыту курсына қатысты. Аталған семинарды Цифрлық үкіметті қолдау орталығы ұйымдастырды.

Үш күндік оқу барысында қатысушылар реинжинирингтің теориялық негіздерімен танысып қана қоймай, нақты практикалық кейстермен жұмыс істеді, ішкі процестерді саралап, мәселе туындайтын тұстарды анықтап, оларды оңтайландыру жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, бизнес-процестерді модельдеу, диаграмма түрінде көрсету және тиімділікке есеп жүргізу тәсілдері талқыланды.

«Курс қызықты әрі тәжірибеге бағытталған болды. Барлығы нақты мысалдармен берілді. Біздің тренеріміз Канат Базаралыға ерекше алғыс білдіремін, ол тақырыпты жан-жақты түсіндірді. Цифрлық үкіметті қолдау орталығына да мазмұнды курс үшін алғысымды білдіремін», – деді Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің басшысы Құралай Қабарова.

Айта кету керек, бұл курс мемлекеттік қызметкерлер үшін тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл жолы Архивтің он екі қызметкеріне арналып ұйымдастырылды. Оқу соңында барлық қатысушыға сертификаттар табысталды.

Архив қабырғасында өткен екінші семинар күнделікті жұмыс барысында қажет болатын әдістемелік материалдарды әзірлеуге арналды. Қатысушылар нұсқаулықтар, ұсыныстар мен ескертпелер дайындау бойынша практикалық дағдыларды меңгерді.

Құжаттардың нақтылығы мен түсініктілігі архивтік жұмыстардың тиімділігіне тікелей әсер ететіндіктен олардың сапасына айрықша мән берілді. Жас мамандарға жиі кездесетін қателер түсіндірілді, нақты мысалдар арқылы көрсетілді.

«Семинар барысында әдістемелік құжаттарды әзірлеудің негізгі қағидалары мен талаптары нақты мысалдар мен кейстер арқылы қарастырылды. Қатысушылардың теориялық білімін тереңдетіп, осы саладағы практикалық дағдыларын жетілдіруге күш салдық», – деді Архивтің Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығы Жобаларды сараптау секторының аға сарапшысы Батырхан Жұмабай.

Аталған семинарға Жас архившілер кеңесінен қырыққа жуық маман қатысты. Бұл оқыту ҚР Президенті Архивінің жыл сайынғы әдістемелік құжаттарды әзірлеу және жетілдіру жұмысының бір бөлігі болып табылады.