29.04.2023

Архив қызметкерлері арасында волейболдан турнир өтті

2023 жылғы 29 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті Архиві мемлекеттік архив қызметкерлері, архив ісінің болашақ мамандарының арасында волейболдан турнир өткізді. Турнир ҚР «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының 25 жылдығына орай «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» архивтік марафонының аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, архив мекемелері арасындағы серіктестік байланыстарды күшейту, архившілерді дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту.

Турнирге ҚР Президенті Архивінің «Қыран», Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің «WAKANDA», Жетісу облысының мемлекеттік архивінің «Жетісу», Алматы облысының мемлекеттік архивінің «Архив тарландары», Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің «Әулиеата», Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің «Самұрық», 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Тұлпар» командалары және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Тарих, археология және этнология факультетінің студенттерінен құралған «Тарих» командасы қатысып, өзара бақ сынасты. Шараның ашылу салтанатында ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды «Қыран», 2-ші орынды «WAKANDA», 3-ші орынды «Самұрық» командасы иеленді. Жүлделі орындарға ие болған командаларға кубок пен бағалы сыйлықтар табысталды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» атағын «Жетісу» командасының ойыншысы Айжан Әбілғалимова мен «WAKANDA» командасының ойыншысы Бауыржан Байбеисов жеңіп алды.