02.04.2026
Архив пен IT: студенттердің алғашқы жобалары таныстырылды
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Astana IT University студенттері архив саласына арналған цифрлық шешімдерін таныстырды. Болашақ IT-мамандардың өндірістік тәжірибеден өтуі 2025 жылы жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асып отыр.
9 наурызда басталған 3-курс студенттерінің тәжірибесі 2026 жылғы 2 мамырға дейін жалғасады. Осы кезеңде студенттер архив жұмысының қыр-сырымен танысып қана қоймай, саланы цифрландыруға бағытталған жобалар әзірлеуде. Атап айтқанда, олар құжаттарды цифрландыру, деректерді тиімді іздеу және жүйелеу, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі құралдарды енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бастамалар деректердің қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыруға, архив жұмысын заманауи талаптарға сай дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаларды тиімді іске асыру үшін студенттер бейіндік бағыттар бойынша топтарға бөлінген. Қысқа уақыт ішінде әр топ алғашқы технологиялық шешімдерін дайындап, Архив басшылығына ұсынды. Бұл жобалар архивтік ақпараттың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Архив базасында студенттердің өндірістік тәжірибесі жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мәселен, биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері Архивтің Алматы қаласындағы филиалында тәжірибеден өтті.