24.07.2024
«Архив қоймаларынан архивтік құжаттарды беру тәртібі» тақырыбындағы өндірістік оқу өтті
Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Архив қоймаларынан архивтік құжаттарды беру тәртібі» тақырыбындағы өндірістік оқу өтті. Оқуда жас мамандар тақырып бойынша ақпарат алды. Архив құжаттарын пайдалану тәртібі «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы Заңы мен Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архивтік құжаттарды мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларына (2023) сәйкес іске асырылады. Аталған нормативтік актілер негізінде құжаттарды пайдалану бойынша Архивтің ішкі тәртібі бекітілген.
Өндірістік оқу барысында қоймадан істерді алу үшін толтырылатын тапсырысты рәсімдеу реті, алынған істерді пайдалану мерзімі, көрме немесе құжаттар жинағын жасау мақсатында істерді алу тәртібі туралы сұрақтарға Архивтік құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету, есепке алу және цифрлау қызметінің аға сарапшысы М. Дүйсенбай жауап берді. Архивтің оқу залында жұмыс істеу тәртібі туралы Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің сарапшысы Г. Дүйсенова таныстырып өтті.Сондай-ақ көрнекі түрде «Архив қоры» деректер базасындағы электрондық оқу залында құжаттарға тапсырыс беру ретін айтып өтті. Сонымен қатар, Ұлттық архив қорының құжаттарына пайдалану барысында өте ұқыпты болу керектігі айтылды. Құжаттарға зиян келтірілген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатындығы да ескертілді.