31.08.2026

Архив қорындағы 50 жыл бұрынғы фотоқұжат жарияланды

Білім күні қарсаңында ҚР Президентінің Архиві 50 жыл бұрын түсірілген бірегей фотоқұжаттың тарихын ұсынады. 1976 жылғы 31 тамызда жасалған фотодерек сол кезеңнің тынысы мен Алматының тарихи келбетінен сыр шертеді.

Суретте Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінің бірінші сыныбына қадам басқан 10 оқушы мен олардың алғашқы ұстазы Ж.Жақыпбекова бейнеленген. Қолдарына гүл шоқтарын ұстаған балалар Республика алаңымен қуана келе жатыр. Оқушылардың артқы жағындағы ғимаратта қазіргі уақытта Қазақстан-Британ техникалық университеті орналасқан. Фото ақ-қара форматта түсірілген.

№12 гимназия бүгінде Алматыдағы ең көне мектептердің бірі болып саналады. Мектеп 1924 жылғы 22 қазанда Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен өлкелік тәжірибелік-үлгілі мектеп ретінде құрылған. Оның түлектері қатарында қазақ мәдениеті мен өнерінің көрнекті өкілдері Күләш Байсейітова, Әбілхан Қастеев, Асқар Тоқпанов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Хакімжан Наурызбаев, Найля Базанова, Мансұр Сағатов, Патшайым Тәжібаева, Кеңес Нұрпейіс және басқа да белгілі тұлғалар бар.

Бүгінде тарихи фотоқұжат ҚР Президенті Архивінің Алматыдағы филиалында 896-қорда сақтаулы. Сурет цифрландырылып, фотокөшірмелері жасалған, сондай-ақ жүйелі каталогқа енгізу үшін тақырыптық карточкасы әзірленген.

Аталған қорда 1920-1991 жылдар аралығын қамтитын жүздеген фотодерек сақталған. Олар Қазақстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, құрылыс пен сәулеті, қоғамдық-саяси өмірі, сондай-ақ партия және мемлекет қайраткерлерінің қызметі туралы құнды мәліметтер береді.

Архивте сақталған әрбір фотодерек – белгілі бір кезеңнің куәсі ғана емес, өткен дәуірдің тынысын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін тарихи мұра.