30.03.2026

Архив мамандары цифрлық архитектураны меңгерді

Цифрлық үкіметті қолдау орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің мамандарына арналған қысқа мерзімді оқыту өткізді. Бір күндік курс ІТ-архитектураны жобалау мен заманауи цифрлық жүйелерді тиімді құру тәсілдеріне арналды.

Сабақты салада 15-жылдан астам тәжірибесі бар сарапшы, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының Enterprise Architect маманы Әділбек Булатов жүргізді. Ол күрделі ұғымдарды қарапайым тілмен түсіндіріп, мемлекеттік ұйымдардағы ақпараттық жүйелердің қалай жұмыс істеуі керектігін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Қатысушылар ІТ-жүйенің негізгі бөліктерін - бизнес-процестерді, деректерді және технологияларды өзара байланысты қарастыруды үйренді.

Практикалық бөлімде мамандар өз жүйелерін талдап, артық немесе қайталанатын функцияларды анықтауға, деректерді дұрыс құрылымдауға машықтанды. Бұл жұмыс болашақта жүйелерді жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға көмектеседі.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқыту цифрлық жобаларды тиімді жүзеге асыруға жол ашады. Ал алынған білім архив құжаттарын сақтауды ғана емес, оларды халыққа қолжетімді етуді де жаңа деңгейге көтермек.