24.09.2024
Архив ісіндегі алғашқы хакатон өз жұмысын бастады
2024 жылғы 24 қыркүйекте елімізде алғаш рет архив ісі саласындағы инновациялық технологиялық шешімдерді әзірлеуге бағытталған «Archive Hack: Ақылды архив» хакатоны өз жұмысын бастады. Хакатонды Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Satbayev University және Yandex Qazaqstan бірлесе ұйымдастырып отыр. Жарыста IT және тарихи мамандықтарда оқитын университет пен колледж студенттері, сондай-ақ Алматы қаласының жоғары сынып оқушылар қатысуда. Хакатонға жалпы саны 165 қатысушы тіркелген. Олар архивтік деректерге қолжетімділікті жақсарту, оларды цифрландыру, қорғау және сақтау бағытында жобалар әзірлеудің үлгілерін ұсынады.
Хакатонның ашылу салтанататында «Satbayev University» ректоры Бегентаев Мейрам Мұхаметрақымұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Мұстафина Әлия Құсайынқызы, Yandex Qazaqstan мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директор Бижанов Сұлтан Алиханұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина іс-шараны өткізуге атсалысқан Satbayev University басшылығына, Yandex Qazaqstan қолдауына алғыс білдірді. Ол хакатонға үлкен қызығушылықпен қатысып жатқан жастардың көптігі әрі белсенділігі қуантатынын жеткізді. Хакатон аясында сайысқа қатысушылар Алматы, Астана, Қарағанды, Тараз және Талдықорған қалаларының оқу орындарынан келген. Ұйымдастырушылар қатысушыларға тарихи материалдарды және Қазақстанның мәдени мұрасының деректеріне қолжетімді әрі қызықты етіп шешімдер әзірлеуді тапсырма етіп қойды. Қатысушылар жобаларын дайындауға кірісті.