11.06.2026
«Архив болашағы» сессиясында архив саласының мамандары бас қосты
Жасанды интеллект, цифрлық архивтер және деректер аналитикасы архивші мамандығына қойылатын талаптарды біртіндеп өзгертіп келеді. Қазіргі уақытта салаға тарихи құжаттармен ғана емес, сонымен қатар цифрлық инфрақұрылыммен, метадеректермен және интеллектуалды технологиялармен жұмыс істей алатын мамандар қажет. Кадрларды даярлаудағы жаңа тәсілдер «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында «Архив болашағы: жаңа құзыреттер мен көшбасшылық» атты панельдік сессияда талқыланды.
Кәсіби пікірталасқа Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының, Қазақстан мен шетелдің архив мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ білім беру, аккредитация және цифрлық технологиялар саласының сарапшылары, барлығы 100-ге жуық адам қатысты.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жасанды интеллект пен цифрлық құзыреттерді дамыту білім беру жүйесін жаңғыртудың және жаңа буын мамандарын даярлаудың, оның ішінде архив және кітапхана салалары үшін де негізгі бағыттарының біріне айналғанын атап өтті.
Өз кзеегінде Ұлыбритания Ұлттық архивінің Білім беру және ақпараттық-ағартушылық жұмыс бөлімінің басшысы Эндрю Пейн архив саласының болашағы цифрландырумен, архивтердің қолжетімділігін арттырумен және технологиялық өзгерістер жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандар даярлаумен тығыз байланысты екенін айтты.
Сессия барысында спикерлер архив жүйесінің цифрлық жетілуі, білім беру бағдарламаларын модернизациялау және саланың технологиялық трансформация жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлау мәселелерін талқылады. Пікірталасқа қатысушылар цифрлық архивтердің дамуы мен жасанды интеллект технологияларын енгізу техникалық инфрақұрылымды жаңартуды ғана емес, сонымен қатар болашақ архившілердің жаңа кәсіби құзыреттерін қалыптастыруды талап ететіні жөнінде ортақ пікірге келді.
Еске сала кетейік, бірнеше күнге созылған «Digital Archive Expo» III Архившілер конгресі 2026 жылғы 9 маусымда Астанада басталған болатын. Форум алаңдары ретінде ҚР Президентінің Архиві мен ALEM.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығы белгіленген. Биыл бұл ауқымды іс-шара 30-дан астам елден келген 500-ден аса сарапшының басын қосты. Олардың қатарында Орталық Азия, Қытай, Жапония, Түркия, Сингапур архив қызметтерінің басшылары, сондай-ақ Халықаралық архивтер кеңесінің жоғары басшылығы бар.