20.02.2026

Архив – білім алаңы: оқушылар жаңа форматта сабақ өтті

Архивке бару – өткенге саяхат жасау секілді. Мұнда әр құжаттың өз тарихы, әр парақтың сыры бар. Сол ерекше әлеммен жақынырақ танысу мүмкіндігі Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушыларына бұйырды. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде балаларға арналған «АрхивSPACE» білім беру жобасы аясында екінші модульдік сабақ өтті.

Сабақ барысында оқушылар үш топқа бөлініп, архив жұмысының негізгі бағыттары бойынша қызықты әрі түсінікті ақпарат алды. Әр бағытты архив мамандары өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып түсіндірді. Оқушылар құжат қалай сақталады, қалай қалпына келтіріледі және қалай заманауи форматқа көшірілетінін өз көздерімен көрді.

Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің жетекші сарапшысы Әбілқайыр Болатбаев архив ісіндегі цифрландырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қағаз құжаттармен жұмыс істеу талаптары біртіндеп цифрлық форматқа ауысып келеді. Ол құжаттар ақпаратты тез табуға мүмкіндік береді әрі жұмысты жеңілдетеді. Сондай-ақ ол электронды көшірмелердің кемінде үш нұсқада сақталуы қажет екенін айтып, бұл деректерді табиғи апаттардан, хакерлік шабуылдардан немесе техникалық ақаулардан қорғаудың бір жолы екенін түсіндірді.

Ал Архив ақпаратын ұсыну қызметінің аға сарапшысы Ақжан Исаева күнделікті зерттеушілермен жұмыс істеп, оларға қажетті құжаттарды табуға көмектесетін маман. Сабақ барысында ол балаларға Президент Архивінде қандай материалдар сақталатынын және оқу залында қалай жұмыс істеуге болатынын айтып берді.

«Архив қорларында Президенттің жарлықтары мен өкімдері, партиялық құжаттар, сондай-ақ жеке тектік қорлар жинақталған. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қатысты құжаттар да сақтаулы. Кәмелет жасына толған азаматтар Архивтің оқырман залына келіп, қажетті ақпараттармен еркін таныса алады», – деді ол.

Реставрация және консервация зертханасының меңгерушісі Медет Дүйсембай құжаттарды қалпына келтірудің нәзік те күрделі үдерісімен таныстырды. Ол жұмыс кезінде арнайы жапон қағаздары қолданылатынын, қағаздың түсі мен қалыңдығы әр құжатқа жеке таңдалатынын айтты. Қалпына келтіру жұмысы басталмас бұрын әр құжат міндетті түрде тексерілетінін атап өтті.

9-сынып оқушысы Райан Есмағамбетова жаңа форматта өткен сабақ ұнағанын жеткізді.

«Маған бүгінгі сабақ қатты ұнады. Мамандардың айтқан мәліметтері өте қызықты болды. Құжаттардың қалай қалпына келтірілетінін көрдім. Сабақ соңында көрме залын аралап, ойын форматындағы сұрақтарға жауап бергеніміз ерекше есте қалды», – деді ол.

Айта кетейік, АрхивSPACE жобасы аясында оқушыларға арналған экскурсиялар да ұйымдастырылып келеді. Жақында Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп пен Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің оқушылары келіп, архивтік құжаттармен жұмыс істеу процесімен, тарихи материалдарды сақтау тәртібімен танысты. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің негізгі бағыттары туралы толыққанды мәлімет алды. Жыл басынан бері Архивке барлығы 268 астаналық оқушы келген. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.