09.12.2025
Алматыдағы Президент Архивінде «Ашық есік» күндері өтті
2025 жылғы 2-3 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Алматы қаласындағы филиалында «Ашық есік» күндері өтті. Осыған орай «Тұран» колледжінің «Құқықтану» және «Менеджмент» мамандықтары бойынша оқитын 44 студент арнайы экскурсияға келіп, архившілердің күнделікті жұмысымен танысты.
ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Жәмиля Әбдіқадырова студенттерге мекеменің қызметі мен міндеттері туралы кеңінен айтып берді.
Одан кейін студенттер зертханалық корпусты аралап, Архив қорларының сақталуын қамтамасыз ету қызметінің аға сарапшысы Нұрдәулет Күпесов таныстырған реставрация және консервация жұмыстарына ерекше қызығушылық танытты. Олар архивтік құжаттардың физикалық жағдайын қалпына келтірудің қаншалықты күрделі әрі маңызды екенін өз көздерімен көріп, мамандық туралы түсініктерін кеңейтті.
Сондай-ақ студенттер Архивтің оқу залында болды. Онда Архив құжаттарын пайдалану бөлімінің сарапшысы Гүлжан Дүйсенова архив қорларымен жұмыс істеу тәртібін және зерттеушілер үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндіріп берді.
Бұл кездесуде студенттер Архивтің тарих сақтаушысы ретіндегі рөлін тереңірек түсінді.
Айта кетейік, Президент Архиві өз негізгі қызметімен қатар жас буын арасында кәсіби бағдар беруге және архив ісін насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Бұған дейін «Ашық есік күндері» аясында оқушылар мен студенттер Астана және Алматы қалаларындағы Архивке келіп, мамандықпен жан-жақты танысқан еді.