19.05.2026
Алматыда «Ұлы ерлік жолы» тарихи-құжаттық көрмесі өтті
«Ұлы ерлік жолы» тарихи-құжаттық көрмесі Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына халықаралық «Музей түні» акциясы аясында таныстырылды. Жобаны Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві дайындады.
Көрме 2026 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Жауынгерлік даңқ музейінде өтті. Экспозиция аңызға айналған Панфилов дивизиясының құрылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылып, панфиловшылардың ерлігіне, олардың майдан жолы мен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске қосқан үлесіне арналды.
Көрмеде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорларынан алынған архив құжаттары мен фотосуреттер қойылды. Келушілер Панфилов дивизиясының құрылу тарихымен, Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысқан жауынгерлердің ерлігімен және батырлардың өмір жолымен танысты.
Сондай-ақ көрмеде көпшілік бұрын көрмеген құнды материалдар ұсынылды. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің сирек фотосуреттері, жеке құжаттары, 1942 жылы Алматы киностудиясында әзірленген фильм сценарийі және соғыс жылдарында шыққан «За Родину» майдан газеті бар.
Көрмеде ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Жауынгерлік даңқ музейі қорындағы материалдар да қойылды. Келушілер генерал-майор Иван Панфиловтың жеке құжаттарымен, Бауыржан Момышұлының әскери есептерімен, дивизияның құрылуына қатысты материалдармен және оның жауынгерлік жолы көрсетілген картамен танысты.
«Ұлы ерлік жолы» тарихи-құжаттық көрмесі алғаш рет 2026 жылғы 5 мамырда Жеңіс күні қарсаңында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде көпшілікке таныстырылды. Көрмені жүзге жуық адам тамашалады.