30.05.2025
Алматы қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай дөңгелек үстел мен көрме өтті
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві саяси қуғын-сүргін құрбандарының отбасы тағдырына арналған дөңгелек үстел және тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырды. Іс-шараға қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, тарихшылар, архив қызметкерлері және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелде саяси қуғын-сүргін құрбаны Мұхаммедғали Тәтімовтің ұрпағы Сырым Ғаббасов алғашқы болып сөз сөйлеп, отбасылық естеліктерін бөлісті. Ол зұлмат жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің әулетіне қалай әсер еткені жайында айтып берді.
Қуғын-сүргін жылдарында зардап шеккен әйелдер мен балалардың тағдыры дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы болды. Сол кезеңде «халық жауы» деп танылған азаматтармен бірге олардың жақын туыстары да ауыр зардап шеккені айтылды.
Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері тарихи оқиғалардың тізбегін қайта қарастырып, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесінің барысын талқылады. Осы жолда қанша әйел жазықсыз жапа шекті, олардың қаншасы кейін ақталғаны жөнінде нақты статистикалық мәліметтердің әлі де жоқ екені баса айтылды. Көптеген архивтік құжаттар әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
Дөңгелек үстелде профессор Б.О. Жанғұттин, тарих ғылымдарының докторы З.Ғ. Сақтағанова, тарих ғылымдарының кандидаты Д.Д. Сүлейменова, зерттеуші-ғалымдар К.Қ. Сәрсембина, Д. Асанова, А.Қ. Омарова, Президент Архивінің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Г. Н. Нұрымбетова және өзге де сарапшылар баяндама жасады. Шара модераторы ҚР Президентінің Архиві директорының орынбасары Ж.Ү. Әбдіқадырова болды.
Жиын соңында дөңгелек үстел қатысушыларына «Қуғын-сүргін жылдарындағы отбасы тағдыры архив құжаттарында» атты көрме таныстырылды. Көрмеге жазықсыз жазаға тартылған азаматтардың отбасыларына қатысты деректер, әйелдерді лагерьге қамау жөніндегі шешімдер, балаларды балалар үйіне өткізу туралы ресми қағаздар, айыптау қорытындылары, қуғын-сүргінге ұшырағандардың хаттары мен өтініштері, сондай-ақ отбасылық фотосуреттері қойылды.