13.12.2024
Ғалия Абдулқадырқызы Қарпықова «Құрмет» орденімен марапатталды
2024 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде салтанатты іс-шара өтті. Жиында ҚР Президентінің 2024 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған Архивтің бірінші директоры Ғалия Қарпықоваға наградасы табысталды. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Ғалия Абдулқадырқызын жоғарғы марапатымен құттықтап, оның еліміздің әлеуметтік-саяси тарихы мен Егемен Қазақстанның құрылуы мен дамуы туралы құжаттарды сақтаудағы орасан зор еңбегін атап өтті. Бұл марапат еліміздің тарихын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізу жолында көрсеткен ерен еңбекті бағалаудың айғағы болып табылатындығына назар аударды.
Ғ. Қарпықова – мемлекеттің архив саласына қырық жылдан астам уақыт өмірін арнаған қайраткер. Оның есімі Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің құрылу тарихымен тікелей байланысты. Президент Архиві 1994 жылы 14 қаңтарда «Жаңа тарих Орталық мемлекеттік архивінің» негізінде өз жұмысын бастаған еді. Ғалия Абдулқадырқызының қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында архив қызметі жолға қойылды. Аталмыш мекеме биыл өзінің 30 жылдығын атап өтуде. Жиынға қатысушылар архивтің құрылу тарихы мен оның әр кезеңдегі жеткен жетістіктері жайлы жылы естеліктерін бөлісті.