30.01.2025

«Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» жинағы табыс етілді

2025 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ХХ ғасырдың басында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарымен кездесу өтіп, оларға жақында Архивтің жетекшілігімен жарық көрген «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» жинағы табыс етілді. Іс-шараны Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина ашып, келген қонақтарға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде жинақты құрастыруға ғалымдар, тарихшылар, архившілер атсалысқанын жеткізді және оны жалпы дайындауға екі жылға жуық уақыт кеткенін атап өтті.

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының жетекшісі Г.Р. Нұрымбетова Алаш қозғалысы туралы толық мәлімет беруді мақсат тұтқанын атап өтті. Ол әр томға жеке-жеке тоқталып, қай томда нендей мәселелер қамтылғанын кеңірек баяндады. Сонымен қатар жинаққа ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты бұрын жарияланбаған 3000-нан астам құжат пен фотосурет енгізілгенін жеткізді. Іс-шараға «Әділет» тарихи-ағарту қорының мүшелері - тарихшы, жазушы Б.О. Қойшыбай, С.Қ. Кожикова, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Р.С. Имаханбет, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің жетекшісі М.Б. Мұсабаев, ХХ ғасырдың басында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары Г.Н. Кеменгерова, С.Р. Келесова және Архив қызметкерлері қатысты.