20.08.2024
Дина Ерғазықызы Әбдірахимованың туғанына 90 жыл
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің міндеттерінің бірі – еліміздің қалыптасуына үлес қосқан саяси, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің жеке тектік құжаттарын Ұлттық архив қорына жинақтау. Мысал ретінде Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан КП Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру министрі (1985-1990 жж.) Дина Ерғазықызы Әбдірахимованың жеке құжаттарын айтуға болады. Дина Ерғазықызы Әбдірахимова 1934 жылы 20 тамызда дүниеге келген, еңбек жолын 1957 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетінде бастады. Кейіннен комсомол және партия органдарында бірқатар жауапты қызметтерде еңбек етті. Бірнеше рет Жоғары үкіметтік наградалармен, оның ішінде Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен (екі рет), ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және т.б. медальдармен марапатталған. Дина Ерғазықызы Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Конституцияны, мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны, Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтату туралы заңды және т. б. аса маңызды мемлекеттік құжаттарды дайындауда белсене қатысқан.
Республиканың Жоғарғы Кеңесінің XII-і шақырылымының депутаты бола жүріп, ол ардагерлер, мүгедектер және әскери қызметшілер істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды, сондай-ақ Халық денсаулығын сақтау және оны әлеуметтік қорғау комитетінің мүшесі болды. 1994 жылы Дина Ерғазықызы Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедов атындағы қорды басқарды. Мемлекет және қоғам қайраткері Халел Досмұхамедов Дина Ерғазықызының атасы болып табылады және ол туралы естеліктер отбасылық архивте ұзақ жылдар сақталып келген. Қорда қызмет еткен кездерде ол Х.Д. Досмұхамедовке арналған монографияны дайындап, басып шығаруға атсалысты. 2012 жылы Дина Ерғазықызы қайтыс болғаннан кейін жақындары оның құжаттарын ҚР Президентінің Архивіне тапсырды. Д.Е. Әбдірахимованың жеке қор құжаттар құрымында оның қызметі туралы: еңбек кітапшасы, партиялық билеттері, куәліктері, құрмет грамоталары, мандаттар, құттықтаулар және т.б құжаттар, сондай-ақ фотосуреттер сақталған. Д. Е. Әбдірахимованың тұлғасы, қоғам игілігіне бағытталған қоғамдық қызметі қазіргі өскелен ұрпаққа үлгі болып қалады.