09.06.2025
9 маусым – Халықаралық архивтер күні
9 маусым – Халықаралық архивтер күні. Бұл күн тарихи жадыны сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген архив саласы мамандарының кәсіби мерекесі. Сол маңызды миссияны абыроймен атқарып келе жатқан мекеменің бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві.
Президент Архиві – еліміздің саяси тарихын, ел Президентінің, оның Әкімшілігінің және Мемлекет басшысына бағынысты және есепті басқа да мемлекеттік органдардың қызметін құжат түрінде жүйелі түрде жинақтап, сақтайтын бірегей орталық. Бүгінде Архив қорында 1,5 миллионнан астам сақтау бірлігі бар. Олар 1918 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтиды.
Президент Архиві кәсіби қауымдастықпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі архив мекемелері мен мамандарын біріктіретін ірі ұйым Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) мүшесі. ICA қолдауымен 2022 және 2024 жылдары Архивтің бастамасымен Архившілердің халықаралық конгресі ұйымдастырылды. Бұл алаң кәсіби тәжірибе алмасуға, саладағы жаңашыл идеяларды дамытуға және архив ісінің үздік үлгілерін таратуға жол ашты.
2025 жылы Қазақстан архив саласының халықаралық байланысы жаңа белеске көтерілді. Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина ICA бастамасымен жарық көретін беделді халықаралық журнал Comma басылымының редакциялық алқасына мүше болды.
Архив қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 9 маусым күні Президент Архивінде еліміздің орталық және өңірлік архивтерінің басшылары, сондай-ақ әкімдіктер жанындағы цифрландыру және архив басқармаларының өкілдері бас қосты. Қонақтарға жаңа ғимараттың көрме залы, сақтау қоймалары мен зертханаларына арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Кездесу барысында құжаттарды қалпына келтіру, цифрландыру және сақтау бағытындағы заманауи жабдықтардың мүмкіндіктері кеңінен көрсетілді. Қонақтар Архивтің бірыңғай ақпараттық-іздеу жүйесінің тиімділігімен танысып, оның қолданушыларға ыңғайлы функцияларына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, архивтік деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған «е-Архив» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Жиын аясында архив саласындағы өзекті мәселелер, цифрландыру процесі, жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ архив мекемелері арасындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Ал 10 маусым күні жас архившілердің VIII Халықаралық Жазғы мектебі өз жұмысын бастайды. 2017 жылдан бері дәстүрге айналған бұл шараның биылғы тақырыбы «Архивтердің цифрлық трансформациялануы және құжаттық мұраны сақтау» деп аталып отыр. Жазғы мектептің тақырыбы Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамамен тығыз байланысты. Президент өз сөзінде ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру қажеттігін атап өткен болатын.
Бұл барлық жетістіктің артында – архив саласына шын берілген, кәсібін мақтаныш тұтатын 150-ден астам маманның еңбегі тұр. Олардың қатарында архившілер, реставраторлар, тарихшылар, заңгерлер, ғылым кандидаттары мен докторлары бар. Президент Архиві жай ғана құжаттар қоймасы емес, ол өткен мен келешекті жалғайтын, даму мен зерттеуді ұштастыратын заманауи орталық ретінде танылды.