22.12.2025
22 желтоқсан – Архивші күніне арналған салтанатты жиын өтті
Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде 22 желтоқсан – Архивші күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын барысында архив саласының дамуына үлес қосқан қызметкерлер мен Архивтің Алматы қаласынан Астанаға көшуіне атсалысқан серіктес ұйым өкілдері марапатталды.
Іс-шараны ашқан ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина ұжымды кәсіби мерекемен құттықтап, архив саласы мамандарының ел тарихын сақтау жолындағы қажырлы еңбегін атап өтті.
«Архив қызметкерлерінің еңбегі – үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсіби біліктілікті талап ететін маңызды қызмет. Бұл күн – мемлекеттің құжаттық мұрасын сақтап, зерделеп, халқымыздың тарихи жадын ұрпақтан-ұрпаққа аманаттауды қамтамасыз етіп жүрген архившілерді ортақ құндылық маңайына топтастыратын ерекше мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл Архив Астана қаласындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Бұл – мемлекет тарапынан архив саласына көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың айқын нәтижесі», – деді директор.
Іс-шара аясында ҚР Президенті Архивінің қызметкерлеріне «Архив саласының үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хаты, «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалі, ҚР Президенті Архиві директорының Алғыс хаты табысталды.
«Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғандар:
• Гаухар Бекишева – Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметінің басшысы;
• Ақжан Исаева – Архив ақпаратын ұсыну қызметінің аға сарапшысы;
• Арман Дүйсембаев – ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының бірінші санатты архившісі;
• Роза Оңғарбекова – ардагер архивші;
• Анаргүл Зулкашева – ардагер архивші.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталғандар:
• Динара Әкімжанова – Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметі, реставрация және консервация зертханасының жоғары санатты архившісі;
• Аян Ахметова – аталған зертхананың бірінші санатты архившісі;
• Сымбат Шайжанова – ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы құжаттардың құндылығын сараптау секторының екінші санатты архившісі.
«Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталғандар:
• Амангүл Ермағамбетова – Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің жинақтау көздерімен өзара іс-қимыл секторының аға сарапшысы;
• Самал Қабзолдина – Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің аға сарапшысы.
Президент Архиві директорының Алғыс хатымен марапатталғандар:
• Ботагөз Бейсенбекқызы – ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының бірінші санатты архившісі;
• Жұмагүл Мұсатаева – аталған орталықтың аға сарапшысы;
• Ерлан Ахметов – Инженерлік-пайдалану қызметінің инженері;
• Роза Кангужиева – Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметі, сақтау секторының жоғары санатты архившісі;
• Самал Қабзолдина – Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің аға сарапшысы.
Сонымен қатар мекеме тарихындағы ең ауқымды әрі жауапты кезеңдердің бірі – Архивтің жаңа ғимаратқа көшу үдерісіне қатысқан мекемелердің еңбегі ерекше атап өтілді. Ішкі істер министрлігіне қарасты құрылымдар, Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет, патрульдік полиция мен Төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ Архив ғимаратын салған құрылыс компаниясының өкілдері директордың Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, Президент Архивінде 1,5 миллионнан астам іс бірлігі сақтаулы. Жыл сайын архив қоры 7-8 мың жаңа құжатпен толығып отырады. Құжат тапсырушы мекемелер қатары да жыл сайын кеңеюде. Архив қорлары Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік құрылымдармен қатар, республикалық деңгейдегі этномәдени бірлестіктерді, қоғамдық ұйымдарды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін және тарихи-ағартушылық бағыттағы мекемелерді қамтиды. Жаңа ғимаратта болашақта 2 миллионға дейін іс бірлігін сақтауға мүмкіндік беретін, халықаралық стандарттарға сай жабдықталған қоймалар қарастырылған.