13.05.2025
2025 жылдың І тоқсанында Президент Архивінде 3627 іс зерттеушілерге берілді
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві – тарихи жадының алтын қоры. Қоғамның өткенін танып, бүгінін түсіну, келешекті болжау үшін ең әуелі сенімді дереккөзге жүгіну қажет. Осы орайда Архив қазіргі заман талабына сай оқырман қауымға барынша қолайлы жағдай жасап отыр.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында ғана архивтің оқырман залында 115 зерттеуші жұмыс істеген. Зерттеушілердің қатарында АҚШ, Франция, Жапония, Қытай және Ресей елдерінен келген мамандар да бар.
«Архив қорынан пайдалануға берілген істер саны – 3 627. Оның ішінде 2 076 іс цифрлық форматта ұсынылған. Яғни, әрбір екінші іс сандық форматта зерттеушінің қолына тікелей электронды түрде жетеді. Бұл қазіргі таңдағы уақытты үнемдеп қана қоймай, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ететін тиімді тәсіл», - деді Архив құжаттарын пайдалану бөлімінің басшысы Бөлеген Қасенов.
Заман ағымына сай цифрландыру үдерісін қарқынды дамытып келе жатқан Архив заманауи технологияларды архив ісіне батыл енгізіп, ғылыми айналымға бұрын-соңды қолжетімсіз болған деректерді қайта жаңғыртып отыр.