02.07.2025
2 шілде – Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күні
Бүгін, 2 шілде – еліміздің сыртқы саясат саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі – Дипломатиялық қызмет күні. Бұл күн – Қазақстанның атын әлемге танытып, халықаралық аренада ұлттық мүддені қорғап жүрген дипломаттарымыздың қажырлы еңбегін бағалайтын маңызды дата.
Мереке ресми түрде 2009 жылы белгіленгенімен, отандық дипломатияның тарихы бұдан әлдеқайда тереңде жатыр. Дәл осы күні, 1992 жылы, Сыртқы істер министрлігінің қызметін жүйелі жолға қоюға негіз болған алғашқы құқықтық құжаттар қабылданып, егемен еліміздің дипломатиялық іргетасы қаланды.
Дипломатия – жауапкершілігі зор, сабыр мен парасатты талап ететін ерекше сала. Бұл жолды таңдаған жандар – ел мүддесі жолында табандылықпен еңбек етіп жүрген нағыз кәсіби шеберлер. Қазіргі әлемдік тұрақсыздық жағдайында дипломаттардың рөлі ерекше маңызға ие. Қазақстанның халықаралық деңгейдегі орны мен беделі олардың білімділігі мен біліктілігіне тікелей байланысты.
Салмақты әрі сындарлы сыртқы саясатымыздың арқасында еліміз бүгінде әлемдік қауымдастықта сенімді серіктес ретінде танылып, өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсенді қатысуда.
Осы орайда, дипломатиялық қызметтің барлық өкілдерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, ел мүддесі жолындағы қызметтеріңізге толағай табыс, қажымас қайрат пен жаңа биіктер тілейміз!