14.01.2023

14 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві құрылды

Қазақ халқында «Тарихсыз ел болмайды» деген тәмсіл бар, сөздің төркіні де түсінікті. Тасқа қашалып жазылып бастаған тарих кейіннен қағаздарға түсіріліп сақталып келеді. Біздің халықтың тарихы сонау ғасырлардағы сақтардан бастау алып, бүгінгі күні құпиясы мен сыры көп іргелі ілімге айналған. Әр халық өткен тарихында мемлекеттілік болғанын нақты деректермен ғана дәлелдей алады. Қай мемлекет болмасын тарихын таңбалауды, сақтауды алдыңғы орынға қояры анық. Сол себепті тәуелсіз ел болып, отау тіккен шақта осы құжат сақтау саласы мемлекеттік тұрғыдан демеу алып, ретке келтірілді.

1994 жылы 14 қаңтарда мемлекет басшысының жарлығына сай Жаңа тарих Орталық мемлекеттік архивінің негізінде ҚР Президентінің Архиві құрылған еді. Ал ҚР Президентінің 2022 жылғы 9 ақпандағы Жарлығына сәйкес Архив «Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Осы Жарлыққа орай Президент Архивінің жаңа ережесі бекітіліп, 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен стратегиялық жоспары дайындалды. Архив жаңа бастамаларға бет алып, алға қарай қадам басты.


Былтырғы Архивте 856 мыңнан астам іс сақтаулы болса, биыл бұл сандардың көрсеткіші ұлғайған. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша 1 131 819 іс бар екенін нақты айта аламыз.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 1998 жылғы 22 желтоқсанда бекітілген «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» ҚР Заңының 25 жылдығына орай архивтік марафон ұйымдастыруда. Марафон барысында дөңгелек үстелдер, тақырыптық кездесулер, көрмелер, экскурсиялар, дәрістер және т.б. шаралар өтеді. Президент Архиві барлық ниетті жандарды марафонға қатысуға шақырады, себебі Қазақстан тарихының бірегей әрі баға жетпес мұрасын насихаттау бәрімізге ортақ парыз.