12.04.2025

12 сәуір - Ғылым қызметкерлерінің күні

12 сәуір - Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Бұл кәсіби мереке еліміздегі ғылымның одан әрі дамуы үшін әрі ғалымдардың мәртебесін көтеру мақсатында ресми бекітілген. Осы ғылыми қауымдастықтың бір бөлігі – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері. Олар тарихи құжаттарды зерттеп, зерделеп, ұлттық жадымызды сақтау жолында маңызды жұмыс атқаруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамыту мен жас зерттеушілерді қолдауға басымдық беретінін бірнеше рет атап өткен болатын. Соңғы жылдары еліміз ғылыми салаға ерекше назар аударып, ғалымдардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, түрлі салаға жаңа технологияларды енгізуге үлкен көңіл бөліп отыр. Қазір Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жартысы – 40 жасқа толмаған мамандар екен. Ғылымның дамуына еңбек етіп жүрген азаматтар қатарында Президент Архивінің қызметкерлері де бар.

«Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві – еліміздің саяси тарихын сақтайтын орын ғана емес, ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыратын, зерттеу бағдарламаларын әзірлейтін, архив ісіне заманауи технологиялар енгізетін кәсіби алаңға айналды. Архивтің дамуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы тың серпін берген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылы Архив Алматы қаласынан елордамыз Астанаға көшірілді. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашты. Ал біздің қызметкерлер тек өткеннің құжаттарын мұқият зерттеп қана қоймай, өз білімдерін бөлісіп, өңірлік әріптестерін оқытып, зерттеушілермен тығыз ынтымақтастық орнатып жүргенін айта кету керек», – деді Архив директоры Әлия Мұстафина.

Бүгінде Президент Архивінде ғылым докторлары мен кандидаттары, сондай-ақ архив ісі мен құжаттану саласында мол тәжірибесі бар мамандар еңбек етеді. Олар Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдерге арналған тарихи-құжаттық жинақтар, монографиялар мен ғылыми мақалалар дайындап, ғылыми айналымға енгізеді.

2024 жылы жарық көрген елеулі еңбектердің қатарында: • «Алашорда ісі. 1920–1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық құжаттар жинағы; • «Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов. Кеңес Одағының Батыры. Халық Қаһарманы. Мемлекет қайраткері» құжаттар жинағы; • «Депортация тарихынан. Қазақстан. 1945–1959 жж.» құжаттар жинағы бар.

Сонымен қатар Архив биыл да бірқатар жаңа басылымдар дайындап жатыр. Олардың қатарында: «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қазіргі заманғы тарих құжаттарымен жинақтау: тәжірибе, проблемалар және перспективалар» атты ұжымдық монография; • ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы көрнекті мемлекет қайраткеріне арналған «Нығмет Нұрмақов — мемлекет қайраткері. Құжаттар мен материалдар» жинағы; • Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» атты фотоальбомы.

Сонымен қатар, мекеме архив ісі және құжаттану, отан тарихы мәселелері бойынша өзекті мақалаларды жариялайтын «Жаңа Архив» журналын шығарады. Басылым 2022 жылы өткен Қазақстан архившілерінің «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты бірінші Конгресінің аясында жарық көрді. Басылым беттерінде құжаттану, архив салаларына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, республикалық және халықаралық деңгейдегі зерттеуші ғалымдардың, сарапшылардың, ақпараттық технологиялар саласы мамандарының, мемлекеттік және тәжірибелі архив қызметкерлерінің білгені мен түйгені жарияланып тұрады. Журнал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жылына төрт рет жарық көреді. «Жаңа Архив» қазіргі кезде сала мамандарына мазмұнды әрі құнды басылымға айналғанын дәлелдеп үлгерді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві құжаттану мен архив ісі саласындағы білім мен тәжірибені жүйелейтін маңызды ғылыми орталыққа айналмақ. Архив ұжымы кәсіби және ғылыми әлеуетін одан әрі дамытып, архив ісінің заманауи талаптарға сай дамуына еңбек етуді әрі қарай да жалғастырады.