17.04.2025
Құжаттардың құндылығын сараптау: 2025 жылғы алғашқы семинар өтті
Президент Архиві жыл сайын жүйелі түрде жинақтау көздерінің жауапты қызметкерлеріне құжаттардың құндылығын сараптау, оларды ведомстволық тапсыруға дайындау және басқа да өзекті тақырыптар бойынша оқу семинарларын өткізіп келеді. 2025 жылғы алғашқы семинардың қатысушылары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен оған бағынысты мекемелердің құжаттамалық қамтамасыз етуге және ведомстволық архив жұмысына жауапты қызметкерлері болды.
Семинар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада салынған ҚР Президенті Архивінің жаңа ғимаратында өткізілген алғашқы іс-шара. Ғимаратта жалпы сыйымдылығы 2 миллион сақтау бірлігіне дейін жететін 24 архив қоймасы бар. Мұнда тәуелсіздік алғаннан кейінгі құжаттар, ал ХХ ғасыр қоры Архивтің Алматыдағы филиалында сақталады.
Семинардың ашылуында ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Құсайынқызы Мұстафина сөз сөйлеп, құжаттамамен жұмыс істейтін мамандарды жүйелі даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жинақтау көздерімен өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.
«Астанаға қоныс аудару – жинақтау көздері болып табылатын мекемелердің басым көпшілігі елордада орналасқан Архив үшін олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда біздің 45 жинақтау көздерінің 29-ы Астанада. Өздеріңіз білетіндей, Президент Архиві жыл сайын жүйелі түрде жинақтау көздерінің жауапты қызметкерлеріне құжаттардың құндылығын сараптау, оларды ведомстволық тапсыруға дайындау, істер номенклатурасын құрастыру, оны ресімдеу, төтенше жағдайлар кезінде архивтік құжаттармен жұмысты ұйымдастыру және басқа да өзекті тақырыптар бойынша оқу семинарларын өткізіп келеді. Бұл Архивтің Стратегиялық даму жоспарында белгіленген негізгі міндеттердің бірі», - деді Әлия Құсайынқызы.
Семинар аясында Архивтің жетекші сарапшылары істерді қалыптастыру, сақтау мерзімдерін анықтау, ғылыми сипаттама жасау және құжаттарды жүйелеу бойынша практикалық кейстер мен ұсынымдар айтты. Материалдарды ведомстволық архивтерге беру ережелеріне ерекше назар аударылды.
«Қазіргі уақытта біз «Е-архив» жүйесімен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жүйе біз үшін салыстырмалы түрде жаңа болғанымен, өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Болашақта кез келген ақпаратты жедел әрі оңай табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл құжаттар ұзақ жылдар бойы сақталып, келешек ұрпақ үшін құнды мұраға айналады деп ойлаймын», - деді ҚР СІМ сарапшысы Анар Шапайқызы.
Аталған семинар ҚР Президенті Архивінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары аясындағы алғашқы іс-шаралардың бірі. Семинарды ҚР Сыртқы істер министрлігінің мамандары үшін ұйымдастырудың өзіндік себебі бар. Ол Архивтің жинақтау көздері болып табылатын мекемелердің ішіндегі құжаттар көлемі жағынан ауқымдысы болып саналады.
Іс-шара соңында қатысушылар Президент Архивінің жаңа ғимаратындағы көрме залымен, архивтік зертханалармен танысты және оларға арнайы сертификаттар табысталды.