05.06.2023

Құжаттамалық қамтамасыз ету және құжаттарды сақтау бойынша семинар

2023 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясы жағдайында Құжаттамалық қамтамасыз ету және құжаттардың сақталуы» семинарының ашылуы өтті. Семинар ҚР Президенті Архиві мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды және іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру шеңберінде өткізілді. Іс-шараның мақсаты – құжаттамалық қызметтер мен ведомстволық архивтер жұмысында заманауи технологиялар мен құралдарды қолдану бойынша кәсіби құзыреттіліктер мен тәжірибелік дағдыларды дамыту болып табылады. Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Н.Т. Төлеев пен Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Р. С. Кәрібжанова құттықтау сөз сөйледі.

Семинар аясында тыңдаушылар құжаттанудың заңнамалық және нормативтік-әдістемелік базасын, мемлекеттік органдарда құжаттаманы басқару, ведомстволық архивтің жұмысын ұйымдастыру және істерді мемлекеттік сақтауға тапсыруға дайындау, ведомстволық архивтер жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу, электрондық архивті ұйымдастыру мәселелерін зерделеуге және қолдануға мүмкіндік алады. Лекторлық құрам андрагогикалық тәсілдерді, оқытудың белсенді және интерактивті технологияларын, сыни ойлауды дамыту әдістемелерін, case-study әдісін, танымдық қызметті жандандыратын, семинарға қатысушылардың жеке-кәсіби дамуына ықпал ететін өзін-өзі дамыту және өзін-өзі жетілдіру технологияларын пайдаланады. Семинар 2023 жылғы 5-7 маусым аралығында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында жалғасады.