28.03.2025
«Өткенді білу – болашаққа бағдар»: Дүниежүзілік тарихшы күні
Бүгін, 28 наурыз – Дүниежүзілік тарихшы күні. Адамзаттың өткеніне қатысты құжаттарды зерттеп, ақтаңдақтарды ашып, ұлттық жадының қалыптасуына үлес қосатын мамандардың кәсіби мерекесі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ел тарихына қатысты құжаттар сақталатын орын ғана емес, ғылыми-әдістемелік кешен ретінде жұмыс істейді. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, білім беру бағдарламалары ұйымдастырылады, ғылыми іс-шаралар өткізіледі.
Бүгінгі таңда Президент Архивінде 100-ге жуық архивші және тарихшы мамандар қызмет атқарады. Солардың бірі – Жібек Байқаш, Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығы Жарияланымдар секторының ғылыми қызметкері. Оның бұл салаға келуі де бекер емес. Мектеп жасынан деректі тарихқа деген қызығушылық оны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне алып келді.
«Бірінші курста атақты архитектор А.П. Зеньковтың мерейтойына арналған конференциясына тобымызбен бардық. Сол конференция менің мамандығыма деген сүйіспеншілігімді арттырды. Себебі онда баяндама жасаған ғалымдар А.П. Зеньковтың өмірі мен қызметіне қатысты оқиғаларды нақты дерекпен түсіндірген болатын. Архивтік құжаттардың көшірмелерін көрсетіп, менің кәсіби таңдауыма үлкен әсер етті. Мен сол күні оқуымды аяқтаған соң, архивтік құжаттармен жұмыс істеймін деген шешімге келдім», - дейді Жібек Тұрарбекқызы.
Жібек Байқаш Архивте қызмет етіп келе жатқанына 13 жыл ішінде 10 құжаттық жинақты құрастыруға қатысқан. Мысалы, 2024 жылы «Из истории депортаций. Казахстан. 1946−1956 гг.» электронды жинағы жарияланды. Жинақ Қазақстанға жаппай қоныс аударған өзге ұлт өкілдері жайлы тың архивтік материалдарды қамтиды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің архившілері мен тарихшылары ел тарихындағы маңызды тарихи оқиғалар мен тұлғаларға арналған бірнеше құжаттар жинағын дайындап жатыр:
• «Н.Нұрмақов. Мемлекеттік қайраткер» – қайраткердің 130 жылдығына арналған құжаттар жинағы, 420 бет архивтік материалды қамтиды (2025 жылы жарық көреді).
• «Мемлекеттік билік органдары» – анықтамалық басылым.
Ал 2024 жылы С.Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған архивтік құжаттар жинағы жарық көрді.
«Жинақтарды дайындау – бұл тарихи құнды құжаттарды іріктеу, оларды жүйелеу, ғылыми түсіндірмелер әзірлеу, мәліметтерді тексеру. Ол тыңғылықты еңбекпен жарыққа шығатын кітап. Мысалы, біз бір жинақты құрастыруға бір жылдан астам уақыт жұмыс істедік. Бұл архившілер мен тарихшылардың, тұтас команданың еңбегі», – дейді Жібек Байқаш.
Жарияланымдардан басқа, Архив жұртшылықпен, әсіресе жастармен белсенді байланыс орнатып, еліміздің тарихын насихаттауға үлкен үлес қосуда. 2024 жылы Қазақстанның маңызды оқиғалары мен көрнекті тұлғаларына арналған тоғыз тарихи-құжаттық көрме көпшілікке ұсынылды.
Архив Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген тарихшылар мен зерттеушілерге де ашық. 2024 жылы Архивтің оқу залында 374 зерттеуші жұмыс істеді, олардың ішінде шетелдік азаматтар бар. Жалпы саны 24 281 архивтік іс зерттеушілерге берілді.
Жібек Тұрарбекқызы тарихты білуде нақты дерекпен жұмыс істеу мүмкіндігі тек архивтерде екенін айтады.
«Президент Архивінде жұмыс істеу нақты дерекпен танысу мүмкіндігін береді. Әр құжаттың артында адам тағдыры, ел үшін маңызды оқиғалар мен шешімдердің фактісі тұрады. Бұл мен үшін үлкен сый, себебі елдің жадын сақтауға өз үлесімді қосып жатқанымды мақтан етемін», –деді Жібек.
Қазақстан Республикасының Президенті Архиві еліміздің тарихи мұрасын зерттеу, жүйелеу және сақтау жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Дүниежүзілік тарихшы күнінде өткенді зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғалымдарды, тарихшыларды және архивишілерді құттықтаймыз!