22.01.2024

Құпиясыздандырылған 2 миллион құжат

https://www.ar.egemen.kz/article/356531-qupiyasyzdandyrylghan-2-million-qudgat

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыға жұмыс сапары аясында Президент архивінде баспасөз өкілдерімен кездесіп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысымен танысты.

Арман ОКТЯБРЬ

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Президент архивінде осы уақытқа дейін жиналған қор 700 мың істен тұрса, үш жылдың ішінде Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ-дегі жабық қорлардағы 2 миллионнан аса құжат құпиясыздандырылды. Оның ішінде іс материалдарынан бөлек картотека сияқты дүниелер де бар. Осы арқылы архивке тағы 600 мыңнан астам іс құжаты берілді. Яғни бір ғасырда жиналған материалдардың көлеміне пара-пар материалдар үш жылдың ішінде топтастырылды. Бұл – 600 мың парақ емес, 600 мың іс қағазы. Бір істің өзі бірнеше томнан құралуы мүмкін. Мәселен, архивте 43 томнан тұратын бір қылмыстық іс бар. Жалпы, бір істің өзі 500 параққа дейін жетеді. Бұл архивке де салмақ. Аталған құжаттар 1920-1950 жылдар аралығын қамтиды.
Әр материалды сақтаудың өзіндік тәртібі бар. Бірінші, залалсыздандыру. Өйткені көгеріп, саңырауқұлақтанып кеткен қағаздар бар. Оған арнайы аппараттар көмекке келеді. Кейбір материалдардың құрамында заттай дәлел-айғақтар бар. Оның құрамында тіпті улы заттар болуы ықтимал. Сондықтан бәрін залалсыздандыру керек. Одан кейін реставрациялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, цифрландырылады. Сондықтан Мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтағанымен алда кем дегенде 5-10 жылға жететін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Мұндай көлемді жұмыс посткеңестік елдер кеңістігінде еш елде жүргізілген жоқ. Яғни бір уақытта барлық жабық қорлардағы материалдарды құпиясыздандырып, қолжетімді қылу бағытындағы жұмыс жүргізілген емес.

– Комиссия жұмысының қорытындысы аясында бұрын белгісіз болған көптеген материал табылды. Мысалы, әр облыстан кем дегенде екі-үштен саяси репрессия құрбандары атылған, жерленген жүзге жуық орын, тарихқа беймәлім болған көтерілістер, бұрын белгісіз болған лагерьлер анықталып, жаңа құжаттар табылды. Сондай құжаттардың бірі – Әлихан Бөкейханның Семейдегі орталыққа жіберген хаты, Жүсіпбек Аймауытұлының бұрын жарияланбаған өлеңі. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарынан құралған жұмыс тобы өлеңге лингвистикалық тұрғыдан талдау жасап, шығарманың Жүсіпбек Аймауытұлының абақтыда жазған соңғы шығармасы деген тоқтамға келді. Бес-алты парақтан тұратын бұл шығарманы анықтаудың өзіне тоғыз ай жұмсалды, – деді Ерлан Қарин.
Енді осы іспетті құжаттардың бәрі ғылым нысанасына айналады. Бұрын бұл құжаттар саланы зерттейтін ғалымдардың да қолына түсе бермейтін құпия материалдар санатында болды. Сол себепті 600 мың іс материалы зерттеушілерге қолжетімді болмақ. Дегенмен құжаттарды толық айналымға түсіруге әлі уақыт керек.
Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина зертханадағы құжаттардың реставрациялық өңдеу, қалпына келтіру, сақтау жұмыстарымен таныстырды. Оның айтуынша, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу орталығында 20 қызметкер еңбек етеді. Олар барлық құжатқа сипаттама мен ғылыми анықтама береді, жаңа шифрлер қойып, парақтарды нөмірлейді.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихына қоғам тарапынан қызығушылық ерекше. Сол себепті бізге олардың туыстары, ұрпақтары, қоғам қайраткерлері тарапынан сұраныс көп түседі. Архивтің өз тәртібі бар. Сондықтан ғылыми-ақпараттық анықтамалық жасаймыз. Қызметкерлеріміз әр істі қарап негізгі базаға енгізеді. Жабық қорларда бұл жұмыстар жүргізілмейді. Тіпті талаптарға сәйкес сақталмаған. Ауа температурасы, ылғалдылық, шаң-тозаң болғандықтан жабық қорлардың материалдарымен жұмыс істеу мамандар үшін өте қауіпті. Сондықтан сақтық шараларын сақтай отырып, жұмысты жүргізіп жатырмыз. Бір жылда 600 мың істің 40 мыңына ғана сипаттама жасап үлгердік, – дейді Әлия Құсайынқызы.

Алматы

"Егемен Қазақстан" газеті
22.01.2024